
ЕҰУ студенттері қазақ журналистикасының мэтрі Намазалы Омашұлымен кездесті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлымен кездесу өтті.
Шараға ЕҰУ университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Бауыржан Омаров, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Сәдібек Түгел, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев, факультет профессорлары Қайрат Өмірбайұлы Сақ, Айтмұханбет Оразбайұлы Есдәулетов, профессор Мұратбек Тоқтағазин, шәкірті, Сенат төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Жасұланбек Майлыбай және университет студенттері қатысты.
«Бүгін сізді Журналистика факультетінің 15 жылдығы қарсаныңда өтіп жатқан өзіңізге арналған кездесуде көріп отырғанымызға қуаныштымыз.Журналистика факультетінің 15 жылдығы қарсаңында біз Намазалы ағамызға арнап ресми шара өткізуіміз керек, конференция, халықаралық форум себебі бұл кісі соған лайықты. Ал біз өз тарапымыздан толық қолдау көрсететін боламыз» - деді академиялық мәселелер жөніндегі проректор.
Намазалы Омашұлы отандық журналистикасының мэтрі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Журналистика Академиясының академигі, Евразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің негізін қалаған, алғашқы деканы қызметін атқарған ғалым.
«Шың басында журналистика факультеті десек сол саланы дайындаған шың басында Қайыржан Бекқожин, Тауман Салықбайұлы Амандосов, Темірбек Қожекеев сияқты үлкен үш таған тұр. Ал, олардың көзін көрген азаматтар осында отыр. Содан кейін олардың соңынан ілесе шыққан сол ұстаздардың ізбасары Намазалы аға ұлт журналистикасына өлшеусіз еңбек сіңірді. Есімі ұлт журналистика тарихына жазылды және жақсылап жазылды.» - деді академигі Бауыржан Омаров.
Кездесу еркін форматта өтті. Шарада университет ұжымы Намазалы Омашұлын 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, шапан жапты. Шәкірттері жылы лебізін білдіріп, сырлы сұхбат құрды. Кеш соңында естелік суретке түсті.
