
«Кәусар»" мәдени-танымдық бірлестігінің қонағы әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек болды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Оқымысты» атауымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбекпен кездесу кеші өтті.
«Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің кезекті кешіне әдебиет сүйер қауым көп жиналды. Студенттерден бөлек, зиялы қауым: Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, дипломтиялық қызмет ардагері Сайлау Батыршаұлы, профессорлар Серік Негимов, Рақымжан Тұрысбек, Болат Қорғанбек сынды марқасқалар көрермендер арасынан табылды.
Жүргізуші, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Кенжеғали Мыржықбай әуелі кеш қонағының өмірі мен қызметі және шығармашылығынан хабардар етті.
«Құлбек Ергөбек – қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерінде, С.Мұқанов мемориальдық музей-үйінде, ЖОО-да проректор қызметін атқарған, бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма мүшесі –хатшы.Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі», - деп сыншының бүгінге дейін 70-ке жуық кітабының жарыққа шыққанын, сондай-ақ шығармаларының орыс, түркі, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, түркімен тілдеріне аударылып басылғанын атап өтті.
Келесі кезекте кеш қонағы Құлбек Ергөбек:
«Менің әр жылдары жазған шығармаларымды оқыған Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің мүшелеріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Екі рет келмей қалып, үшінші рет жолым түсті, рахмет. Еуразия ұлттық университетінде өткен кештерді білемін әрі қалдырмай қадағалап жүремін. «Кәусардың» бүгінге дейін кездесуі кілең ұлылармен өтті және солардың аяғын ала мені де шақырғандарына бек ризамын»,- деп, ризашылығын жасырмады сыншы.
Сұрақ-жауап форматында өткен кеште сыншыға әл алуан тақырыпта сауалдар қойылды. Қазақстан Жазушылар Одағының бүгінгі жайына келгенде:
«Нарық заманында ҚЖО-ға күн көру шыныменде қиын болып қалды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жазушылар саны 800 еді, қазір 1000-нан асты. Әр мүше өзін тұлға санайды, ол заңды құбылыс деп ойлаймын. Бірақ сан шешпейді, бәрін сапа шешеді. Кеңестік кезеңде Жазушылар Одағына берілетін жеңілдіктер өте көп болды. Жазушылар одағында қазір үлкен жоспарлар бар. Жас таланттардың көзін ашу, оларға қамқорлық жасау. Атқарылатын шара да, шаруа да көп. Сондықтан ҚЖО жұмысы қыза түседі ғой деп ойлаймын», - деп жауап берді сыншы.
Балалар әдебиетінің әсері туралы:
«Ұлт болашағы – балалар.Балалар әдебиеті дамымай, қазақ әдебиеті өспейді. Кешегі Өтебай Тұрманжанов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Сыздықов, Мұзафар Әлімбаев секілді балалар әдбеиетінің классиктері бүгін неге жоқ?»,- деді Құлбек Ергөбек.
Содан соң сөз алған белгілі филология ғылымдарының докторы, профессор, Серік Негимов, Рақымжан Тұрысбек, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, дипломат-ғалым Сайлау Батыршаұлы сыншының адуын қуатына қол соғып, ақжарма тілегін білдірді.
«Кәусардың» кезекті шығармашылық кеші арналып жатқан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Құлбек Ергөбекпен біз ғылымға қатар келдік, бірге ғылыми белестерді игердік, бірақ Құлбектің бірнеше қанаты болса, негізгі қанаты, негізгі тірегі, негізгі діңгегі – сын. Жақсы сыншы болды. Мен бір күнде бір өзі он сағат сөйлегенініне куәгермін, - ғалым Серік Негимов.
Аншлагпен өткен кеш соңында жазушы Әміржан Әлпейісов, дипломтиялық қызмет ардагері Сайлау Батыршаұлы соңғы жылдары шыққан кітаптарын Құлбек Ергөбекке сыйға тартты. Содан кейін Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов атынан академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай жастарға мағыналы әңгімесі арқылы рухани ләззат сыйлағаны үшін қаламгерге алғыс білдіріп, кеудесіне отандық білім мен мәдениетке қосқан үлесі үшін «Күлтегін» медалін тақты.
Соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
