
ЕҰУ мен «Talap» КЕАҚ техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту саласындағы стратегиялық әріптестік туралы мәлімдеді












«Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы - ректоры Ерлан Сыдықов пен «Талап» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою мақсаты – техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беруді дамыту саласында стратегиялық әріптестік орнату. Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының қызметінде корпоративтік басқару қағидаттарын енгізуге ерекше назар аударылатын болады.
Ынтымақтастық аясында басшы және педагог кадрларды қайта даярлауға, оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ білім беру бағдарламаларының көптеген түрлері бойынша колледж директорларының біліктілігін арттыру курстарын өткізе алады.
«Білім беру жүйесі біртұтас. Университеттер мен колледждердің ынтымақтастығы оң және перспективалы бастама. Колледж де, университет те экономика мен қоғам үшін кадрлар даярлайды. Бұл жүйеде колледждің үздік студенттері жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып, білімдерін одан әрі шыңдай алуы тиіс», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
«Біз кадрларды даярлау білім беру саласы мен еңбек нарығында өзара іс-қимылды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатынын түсінеміз.
Жоғары оқу орындары мен колледждердің бірігуі белгілі нәтиже береді деп ойлаймын. Біз жүз елу мыңнан астам студенттің оқуын аяқтайтынын түсінеміз. Оның 7-8 пайызы жоғары оқу орындарына түседі. Біздің серіктесіміз Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті World Skills чемпиондары мен үздік студенттердің жоғары білім алуына көмектесе алады», - деп атап өтті «Talap» КеАҚ президенті Санжар Тәтібеков.
Тараптар меморандумға қол қою ғылым, білім және тәжірибе интеграциясының жаңа кезеңін белгілейтінін, сондай-ақ кадрларды даярлау жүйесін жаңғырту жағдайында басқарудың тиімділігі мен адами капиталды дамытудың заманауи тәсілдерін енгізу маңызды мәнге ие болатынын атап өтті.
Анықтама үшін: «Talap» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) — Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді (ТжКБ) дамытуға жауапты негізгі ұйым. Оның қызметі білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, педагогтердің біліктілігін арттыруды және білім беру үрдістеріне халықаралық стандарттарды енгізу сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
