
Астанадағы алғашқы британдық университет – Coventry University Kazakhstan және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми зерттеулер саласында ынтымақтастық орнатпақ

Астанадағы Coventry University алаңында өткен кездесуде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Coventry University Kazakhstan арасында ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестік туралы келісімге қол қойылды.
Аталған келісім екі жоғары оқу орнының бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Атап айтқанда, университеттердің оқытушылары мен студенттері бір-бірінің ғылыми инфрақұрылымына – зертханаларға, деректер базаларына және зерттеу материалдарына қол жеткізе алады.
Ғылыми ынтымақтастық аясында ғалымдар бірлесіп гранттық және мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру шеңберінде жобалар іске асырады, сондай-ақ ғылыми-танымдық және білім беру іс-шараларын өткізеді.
«Біздің университеттер арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы – академиялық және зерттеу байланыстарының жаңа кезеңінің бастамасы. Ғылыми қауымдастық та, әлем де үздіксіз өзгеріп жатыр. Мұндай жағдайда күш біріктіру, тәжірибе мен білім алмасу, ресурстарды бірлесе пайдалану – аса маңызды. Нағыз мәні бар нәтижелер – инновациялық жаңалықтар, іргелі зерттеулер немесе жаңа буын ғалымдарын даярлау – тек бірлескен жұмыстың нәтижесінде жүзеге асады. Біз ынтымақтастық аясында бірлескен зерттеулер мен жарияланымдардан бастап, студенттер мен оқытушылар алмасуына дейінгі көптеген бағыттар қамтылады деп сенеміз. Бұл, сөзсіз, біздің университеттердің халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков.
«Қазақстан академиялық хаб құру жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мұндай хаб тек университеттердің күш біріктіруі мен тығыз ынтымақтастығы негізінде ғана қалыптаса алады. Coventry University Kazakhstan мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ – зерттеу бағытындағы университеттер ретінде еліміздің ғылыми экожүйесін дамытуда маңызды рөл атқарады. Біздің серіктестігіміз ғылыми әлеуеттің артуына, ғылыми және технологиялық жаңалықтардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалына оң әсер етеді», – деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов.
Анықтама үшін: Coventry University Kazakhstan – Астанада ашылған алғашқы британдық университет. Ол Coventry University Group құрамына енеді және сапалы британдық білімге, ресми дипломға жол ашады. Университет «Бизнес», «Компьютерлік ғылымдар», «Халықаралық қатынастар», «Экономика және қаржы» бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламаларын, сондай-ақ MBA Global Business және Global Executive MBA магистратура бағдарламаларын ұсынады. Жақын арада университеттің білім беру бағыттары кеңейіп, өнер мен дизайн, құрылыс саласындағы басқару және басқа да келешегі зор салалар бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылады.
