
Ғылым мен өндірістің интеграциясы: Ақкөлде ЕҰУ суперкомпьютері іске қосылды














Бүгін Ақкөл қаласында жаңартылған PARAM BILIM 2 суперкомпьютерінің тұсаукесері және «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ақкөл қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PARAM BILIM-2 суперкомпьютері салтанатты түрде іске қосылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев, Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері мен университет ғалымдары қатысты.
Жаңартылған суперкомпьютер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет басшысының ұлттық жоғары тиімді есептеуіш инфрақұрылымын дамыту қажеттігі туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында іске қосылды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PARAM BILIM-2 суперкомпьютерінің мүмкіндіктері Деректерді өңдеу қоры орталығы орналасқан «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен қолданбалы жобаларда да пайдаланылады деп жоспарлануда.
Іске қосу салтанатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова атап өткендей,
«Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еуразия ұлттық университеті және суперкомпьютерді сыйға тартқан Үндістан үкіметінің бірлескен күш-жігері арқасында қысқа уақыт ішінде суперкомпьютердің есептеу қуаты айтарлықтай кеңейтілді. Енді оған жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар, суперкомпьютерлік есептеулердегі кванттан кейінгі криптография саласындағы шешімдерді әзірлеуге мұқтаж барлық зерттеушілердің қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет».
PARAM BILIM 2 суперкомпьютері – 1 петафлопсқа дейінгі ең жоғары өнімділігі бар заманауи есептеу кешені. Онда Үндістанның C-DAC орталығы әзірлеген High Performance Computing (HPC) бағдарламалық платформалары бар.
PARAM BILIM 2 қазірдің өзінде жасанды интеллект, тілдік модельдер, үлкен деректер, заттар интернеті, кванттық технологиялар және посткванттық криптографияны қоса алғанда, 30-дан астам ғылыми бағыттар бойынша модельдеу және аналитикалық есептеулер үшін қолданылады. Сондай-ақ, халықаралық әзірлеушілермен суперкомпьютердің функционалдығын кеңейту туралы келіссөздер жүргізілуде.
Жоба ғылым және жоғары білім, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылды.
Суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін іс-шаралар «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-да жалғасты, онда «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық отырысы өтті.
Конференция аясында телекоммуникациялық және АКТ-инфрақұрылымдарды құрудан бастап спутниктік технологияларды, киберқауіпсіздік және экономиканы цифрландыру саласындағы шешімдерді енгізуге дейінгі елдің цифрлық дамуының негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау мәселелері мен цифрлық кластерлерді құрудың келешегі талқыланды.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде Ақмола облысының инновациялық орталыққа айналу үшін бірегей әлеуеті бар екенін және жаңартылған PARAM BILIM 2 аймақтағы ғылыми-техникалық қызметтің ұйтқысы болатынын және зерттеушілер мен кәсіпкерлердің назарын аударатыны сөзсіз екенін атап өтті.
«ЕҰУ Ақкөл қаласындағы Деректерді өңдеу қоры орталығымен байланыс орнатты – университеттің Физика-техникалық ғылымдар институты кафедрасының филиалы бар, онда ЕҰУ студенттері жыл сайын тәжірибеден өтеді.
Кезекті Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қазақстанда ғылым қаласын құру туралы айтты. Алдағы уақытта Ақкөл аумағында ғылым қаласының пайда болуының куәсі болуымыз әбден мүмкін.
PARAM BILIM 2 суперкомпьютері ЕҰУ ғалымдары мен студенттеріне ғана арналып отырған жоқ, біз осы суперкомпьютердің қуатын пайдаланғысы келетін барлық зерттеушілерге ашықпыз. Бұл – ұлттық қазына», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Ерлан Бәтташұлы сондай-ақ суперкомпьютер тұратын орын мен қызмет көрсетуді тегін ұсынған «Қазақтелеком» компаниясына алғысын білдірді. Ақкөл ауданының әкімі Біржан Әбдірахманов Ақкөл қаласындағы Ғылым қалашығы бойынша жобаны Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-мен бірлесіп дамытуға ниетті екенін білдірді және әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін айтты.
Кадрларды даярлау сапасын арттыру, ғылымның нақты сектормен байланысын нығайту мақсатында өткен конференция шеңберінде «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ базасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің филиалын ашу туралы шартқа қол қойылды. Филиалдың ашылуы ғылым мен жоғары технологиялық индустрияның өзара әрекеттесуін нығайтып, жоғары білікті кадрларды дайындауға және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді.
«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаев конференцияның маңыздылығына тоқталды.
«Мамандарды даярлау мәселесі біз үшін өте маңызды. Бұл біздің кадрлық резервті құру, мамандарымыздың біліктілігін арттыру. Біз жоғары технологиялық компания екенімізді ескере отырып, бұл мәселеге үлкен мән береміз. Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастықта табысты тәжірибеміз бар. Біздің жеке ғимараттың негізінде ЕҰУ кафедрасының филиалы жұмыс істейді», - деді спикер.
Сондай-ақ, іс-шара барысында ЕҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Ш.Ж. Сейіловтың «Телекоммуникациялық желілерді дамытудың заманауи міндеттері» атты ғылыми монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Ғылыми еңбек Қазақстан мен әлемнің телекоммуникация саласындағы байланыс, цифрландыру және озық шешімдерді енгізу, байланыс саласындағы заманауи сын-қатерлерге арналған.
Конференцияға қатысушылар Ақкөл қаласында цифрлық технологияларға, жасанды интеллектке және кванттық зерттеулерге бағдарланған ғылым қалашығын құру туралы бастама көтерді. Ұсыныстардың қатарында ғылыми және өндірістік ұйымдардың оқытушыларының қатысуымен дарынды балаларға арналған мамандандырылған инженерлік мектеп құрылысын салу, туризмді дамыту, өңірдегі мәдени-тарихи орындарды жөндеу жұмыстары бар.
Суперкомпьютердің іске қосылуы және конференция елдің цифрлық әлеуетін дамытуда ғылым, бизнес және үкімет арасындағы синергетиканың стратегиялық маңыздылығын дәлелдеді. Ақкөл өңірлік инновациялық кластерді құру және Қазақстанның технологиялық дамыған мемлекетке айналуын жеделдететін озық цифрлық шешімдерді енгізу үшін перспективалы алаң ретінде қалыптасты.
