
ЕҰУ-да отандық және шетелдік сарапшылар заманауи БАҚ-тағы креативті индустрияны дамытудың негізгі үрдістерін талқылады















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстанның Бас редакторлар клубының қолдауымен «ХХІ ғасырдағы креативті индустриялар: генезисі, медиа-бағдарламалар және білім беру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция тәжірибелі педагог, филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті Баспа және баспа ісі кафедрасының профессоры Әсима Ишанованың мерейтойына арналды.
Іс-шараға Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ғылым кандидаты Нұржан Қуантаев модераторлық етті.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректоры Ерлан Сыдықовтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хатын ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы оқып берді:
«Құрметті Әсима Қалымқызы!
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы сізді білікті педагог, тәжірибелі тәлімгер, әдебиеттану және журналистика өнерін бірдей меңгерген, екі салада да айтарлықтай жетістіктерге жеткен белгілі ғалым ретінде біледі.
Сіз журналистика саласында жаңа бастаған жастарды кәсіби мамандыққа бағыттап, дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларды қорғауға жетекшілік етіп келесіз және оларды білім беру мен шығармашылық жолға шабыттандыру арқылы еліміздің рухани өсуі мен өркендеуіне баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің шәкірттеріңіз өздерінің білімдері мен дағдыларын арттыра отырып, қазір жақын және алыс шет елдерде қоғамның түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Бұл сіздің көпжылдық еңбегіңіздің жемісі».
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді: «Сіз Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеген алғашқы күннен бастап оның іргелі оқу орны ретінде танылуына зор үлес қостыңыз. Қажырлы еңбегіңіз еленіп, университеттегі ғылыми жетістіктеріңіз әрқашанда үлгі болып, «ЖОО үздік оқытушысы» атандыңыз».
Сондай-ақ, мерейтой иесін профессор Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты Тұрсынбек Өмірзақов, Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университетінің (Ресей) Өнеркәсіпті басқару жоғары мектебінің доценті Ольга Ергунова, «Гуманитарлық технологиялар» университеті жанындағы ғылыми-зерттеу цифрлық технологиялар орталығының жетекшісі Ирина Қарабулатова (Қытай, Харбин), Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева, «Литер» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаева, қазақстандық және халықаралық ғылыми қауымдастықтардың өкілдері, ЖОО профессорлары, БАҚ-тағы әріптестер мен студенттер құттықтады.
Конференцияға қатысушылардың сөзінде атап өтілгендей, Әсима Ишанова қазақстандық журналистика мен ғылымға елеулі үлес қосты, ол еліміздегі әдебиеттану, БАҚ және өнертану саласындағы білікті де бірегей мамандардың бірі.Ғалым өзінің іргелі ғылыми еңбектерін дүние жүзіндегі ғылыми қауымдастықтың назарына ұсынуды жалғастыруда.
Конференцияға жас зерттеушілер: докторанттар мен магистранттар, университет студенттері де қатысты.
Конференция жұмысы үш тақырыптық секцияда жалғасын тауып, қатысушылар журналистика мен әдебиеттанудағы өзекті, мәдени-әлеуметтік, этикалық-философиялық мәселелер мен қазіргі БАҚ-тың даму үрдістерін талқылады.
Айта кетейік, Әсима Ишанова Қарағанды мемлекеттік университеті мен Н.К. Крупская атындағы Мәскеу аймақтық педагогикалық институтының түлегі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.
Ә.Ишанова төрт монографияның, үш оқу құралының, әдебиеттану және публицистика бойынша 300-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде Scopus және Web Science ғылыми-метриялық деректер базасында индекстелген оннан астам мақаланың авторы. Ғылыми мақалалары Италия, АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония, Испания, Армения елдерінде жарияланған. Жекелеген ғылыми еңбектері ағылшын және венгр тілдеріне аударылған.
