
«ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮРДІСТЕР» АТТЫ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ









2025 жылғы 17 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Орталық Азиядағы әлеуметтік-саяси үдерістер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараны Халықаралық қатынастар факультетінің саясаттану кафедрасы ұйымдастырды. Онлайн және офлайн форматта өткен диалог алаңы ғылыми қауымдастық, мемлекеттік және қоғамдық құрылым өкілдері, оқытушылар, сарапшылар, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттарды біріктірді.
Конференцияның басты мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік-саяси өмірде болып жатқан өзекті өзгерістерді талқылау, сондай-ақ өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми және практикалық ұсыныстар әзірлеу болды.
Конференция аясында келесі өзекті мәселелер қарастырылды: Орталық Азия елдерінің саяси трансформациясы, әлеуметтік өзгерістер мен көші-қон үдерістері, геосаяси сын-қатерлер мен өңір елдерінің сыртқы саясаты, жаһандану мен цифрландырудың саяси институттар мен экономикалық реформаларға ықпалы және олардың әлеуметтік салдары. Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің жетекші ЖОО-лары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ Ресейден келген ғалымдар мен практиктер қатысты.
Пленарлық отырыста құттықтау сөз сөйлегендер: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Құрманғалиева Жанна Дулатқызы және Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Қосыбаев Мирас Махмедұлы. Конференцияның модераторы – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, PhD докторы Жолдыбалина Алуа Серікқызы болды.
Конференцияға 50-ден астам баяндама келіп түсті, олардың ішінен пленарлық отырыста 15 баяндама тыңдалды. Олардың қатарында саяси ғылымдарының докторы Ф.Ф. Талипов (Өзбекстан) – «Орталық Азия парадоксы: интеграция ма, кооперация ма?», саяси ғылымдарының кандидаты Н.Ш. Дороншоева (Тәжікстан) – «Өңірдегі су ресурстарын пайдалану мәселелерін шешудегі ҰҚШҰ-ның рөлі», саяси ғылымдарының докторы Р.А. Нұртазина (Қазақстан) – «Қазақстандағы әлеуметтік-саяси үдерістерде жасанды интеллектінің рөлі», саяси ғылымдарының кандидаты Д.А. Ланко (Ресей) – «АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты саясатының өңірлік тәсілі», PhD докторы Н.С. Пусырманова (Қазақстан) – «Саяси білім мен саяси ғылымдарды парадигмалардың ауысуы контекстінде қайта пайымдау», саяси ғылымдарының кандидаты Б.Б. Бюлегенова (Қазақстан) – «Цифрландыру жағдайындағы жастардың еңбек нарығы (Қазақстан мен Өзбекстан мысалында)» және т.б.
Конференция қатысушылары Орталық Азия елдері ішкі реформалар мен жаһандық факторлардың әсерінен терең әлеуметтік-саяси өзгерістер кезеңінде тұрғанын атап өтті.
Конференция қорытындысы бойынша қабылданған резолюцияда келесі ұсыныстар айтылды:
- Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ынтымақтастық механизмдерін нығайту.
- Өңірлік интеграцияны ілгерілету. Қатысушылар қауіпсіздік, су ресурстары, энергетика, көші-қон, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігін атап өтті. C5+1 және басқа да көпжақты форматтардың сенімді нығайту механизмдері ретіндегі маңыздылығы ерекше аталды. Сыртқы акторлар өңір ерекшеліктерін ескеріп, тең құқықтылық, ішкі істерге араласпау және жергілікті бастамаларды қолдау қағидаттарына сүйене отырып тұрақты дамуға жәрдемдесуі тиіс.
- Академиялық және сараптамалық өзара іс-қимылды қолдау. Өңірлік зерттеу платформалары мен білім алмасу желілерін құру ішкі үдерістерді тереңірек түсінуге және деректер мен контекстке негізделген тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
- Өңірде жаңа элита қалыптастыруда білім беру және ғылыми мекемелердің рөлін арттыру. Өңірлік оқу орындарына Орталық Азияға бағытталған салыстырмалы саясат, өңіртану және халықаралық қатынастар бойынша пәнаралық курстарды оқу бағдарламасына енгізу ұсынылады.
- Көші-қон ағындары, этносаралық қатынастар және трансшекаралық сын-қатерлерді зерттеуге бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу.
- Конференцияға қатысушылардың төрт баяндамасын ҚР БҒМ БҒССК ғылыми журналдарына ұсыну.
Конференция Орталық Азия мәселелеріне ғылыми қауымдастықтың жоғары қызығушылығын көрсетті және білім, тәжірибе мен идеялар алмасуға арналған тиімді платформа болды. Іс-шара қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жинағын шығару және университетаралық ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда.
