
Қазақстан өңірлерінен 17 команда ЕҰУ-да Педагогика және психология бойынша олимпиадаға қатысты
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша XVII Республикалық пәндік олимпиада өткізілді.
Олимпиадаға қатысушыларды құттықтай отырып, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай мұндай іс-шаралардың болашақ педагогтар мен психологтардың кәсіби және жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін маңыздылығын атап өтті.
Олимпиаданың басты мақсаты - студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық әлеуетін дамыту. Негізгі міндеттері - зерттеушілік қабілетті, креативті ойлауды, коммуникативтік құзыреттілік пен көшбасшылық қасиеттерді дамыту.
Олимпиада үш кезеңнен тұрды:
- ЖОО және команда мүшелерінің таныстырылымы (үй тапсырмасы);
- Ғылыми жобаларды қорғау (тақырыптар: заманауи педагог-психологтың ұлттық моделі, буллингтің алдын алу, жасанды интеллект, жайлы білім беру ортасын құру);
- Педагогика және психология ғылымдары бойынша базалық білімді тестілеу арқылы бағалау.
Іс-шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген 17 команда қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша келесі командалар жеңімпаз деп танылды:
1 орын – академик Е.Б. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «MINDBLOOM» командасы;
2 орын - Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Дарын» және Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «MIND LAD» командалары;
3 орын - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ақыл айнасы», Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «RE MIND», және Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «SOUL LIGHT» командалары.
Олимпиада білім мен тәжірибе тоғысқан, тың идеялар мен болашақ көшбасшылар танылған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар студенттердің кәсіби дамуына серпін беріп, шығармашылыққа жол ашады.
