
Қазақстандағы PR және жарнаманың өзекті аспектілері мен даму тенденциялары ЕҰУ да талқыланды
ЕҰУ-да ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Қазақстандағы РR мен жарнама мәселесінің өзекті қырлары және даму үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры, ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның 70 жасқа толған мерейтойына, өнегелі өмірі мен ғылыми жетістіктеріне арналған «Қазақстандағы РR мен жарнама мәселесінің өзекті қырлары және даму үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Шараға ҚР Президентінің, ҚР Парламенті Сенатының, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, отандық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Қатысушылар конференция барысында «Қазіргі PR мен жарнама саласындағы жаһандық трендтер: сандық технологиялар мен Big Data-ның PR мен жарнамаға әсері», «Жасанды интеллект пен нейрожелілерді PR және маркетингте қолдану технологиялары», «PR мен жарнаманың ақпараттық, әлеуметтік және манипуляциялық аспектілері», «Жаңа медиа мәселелері, Influencer marketing, брендтік контенттер және storytelling стратегиялары», «Көркем әдебиеттің ақпараттық, коммуникациялық функциялары және ақпараттық қоғамдағы лингвистиканың өзекті мәселелері» тақырыбын кеңінен талқылады.
Конференция барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Омаров, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын Сенат төрағасының кеңесшісі Жасұланбек Майлыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын «Аманат» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Қазақстан ғылыми қауымдастық құттықтауын Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов жеткізді.Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің құттықтауы мен естелік-сыйлықтары табыс етілді.
Шараның мақсаты – қоғаммен байланыс, имиджелогия, ақпараттық иммунитет және ақпараттық шабуылдар, мәдениетаралық коммуникация, менеджмент бағыттары бойынша өзекті мәселелерді талқылау, жаһандық өзгерістер жағдайында осы мәселелер бойынша жоғары білім сапасын қамтамасыз ету. Сонымен қатар Оңайгүл Тұржанның қайраткерлігін, оқытушылық қызметі мен ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттау, жастардың отаншылдық сезімі мен олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру.
Конференцияда сөз алған модератор, ЕҰУ-дың профессоры, академик Дихан Қамзабекұлы шараның маңыздылығына тоқталды. Содан кейін бүгінгі жиын Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры, ақын, ғалым Оңайгүл Тұржанның 70 жасқа толған мерейтойына, оның өмірі мен еңбек жолына арналатынын жеткізді. Келесі кезекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Ғылыми кеңестің шешімімен Оңайгүл Тұржанға ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ЕҰУ-дың ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалін табыс етті.
Академик Бауыржан Омаров мерейтой иесінің 70 жасқа дейін жүріп өткен жолына терең сараптамалық шолу жасап өтті. Оңайгүл Тұржан оқытушылық қызметінен бөлек өзінің журналистік мол тәжірибесін мерзімді басылымдармен тығыз байланыста одан әрі шыңдап отырғанына тоқталды.
Қызметін тілшіліктен бастап, әртүрлі БАҚ-та жұмыс істеген кезеңдері мен жеткен жетістіктері, Қарағандыда қызмет еткен жылдары, бәрі-бәрі, әдемі естеліктермен өрілді. Поэзияға қатысты тақырыпқа қалам тартқанда теңеулерді шебер қолданатын ақынның шеберлігі, педагогтік қызметте жүріп, осы кезге дейін жүздеген шәкірт тәрбиелегені, ең бастысы, бүгінгі мерейтойына үлкен абыроймен келгені баса айтылды.
«Қуанарлығы сол, Оңайгүл Тұржан – поэзияның ішкі сарайы мен оның сыртқы құрылымдық қалтарыстарын бірдей меңгерген ақын. Оның дәл осы қасиеті ақынның бітімін бөлектеп тұрады. Ол қазақ әдебиетінің дамуына аянбай ұзақ жылдардан бері тер төккен ақын ретінде ерекше құрметке лайық. Алдағы уақтта да әдебиет пен ғылым саласында биік деңгейге жетіп, жастарға үлгі болып, ұзақ ғұмыр сүруіне тілектеспін.Мерейлі 70 жасы құтты болсын!», - деді жазушы-публицист, «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты Шархан Қазығұл.
Ресей, Түркия және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері, т.б. конференцияға қатысушылар өз баяндамаларымен мерейтой иесінің сан қырын ашты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, публицист-жазушы Шархан Қазығұл, филология ғылымдарының кандидаты Нағбду Қамарова, РһD ғылым докторы Алма Сайлауқызы және шетелдік ғалымдар Клеопатра Филипова де Хорхе (Испания) Ашур Өздемирдің (Түркия онлайн) құттықтаулары мерейтой иесінің мерейін асырғаны анық.
-Бойымызға берген құйттай қабілетті бағалап, құдайтағалла берген уақыттың титтей бір үзігін қиып келгендеріңіз үшін сіздердің алдарыңызда басымды иемін.Менің мерейлі 70 жасыма арналған «Қазақстандағы РR мен жарнама мәселесінің өзекті қырлары және даму үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуі және дәл бүгін ЕҰУ-дың ең жоғары наградасы – «Күлтегін» медалінің берілуі мен үшін үлкен қуаныш және сол үшін университет ректоры Ерлан Бәтташұлына, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетіне, өзімнің еңбек ететін Телерадио және қоғаммен байланыс кафедра ұжымына алғысым шексіз! Білім мен ғылым ордасының жеткен табыстары жетерлік, болашақта бұдан да биікке жететініне сенім мол! – деді қорытынды сөз алған Оңайгүл Тұржан.
Сондай-ақ конференция аясында О.Тұржанның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, «Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын зерттеуде қолданған методологиясы мен логикалық тұрғыдан жобалау ерекшеліктері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шәкірттері, ақын өлеңдерін оқып, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік ададемиялық филармониясының әншісі Зинат Қасымова мен Маңғыстаудан арнайы келген Алпысбек Оңайбаев әуелетіп ән салды.
