
Ғылыми кітапханада ЖОО кітапханаларының қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өтті





















14 пен 25 сәуір аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасында «Жоғары оқу орнының қазіргі оқу-білім беру және зерттеу ортасындағы кітапханасы» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтті.
Оқыту аралас форматта - онлайн және офлайн түрде ұйымдастырылды. Курстарды Үздіксіз білім беру институты Ғылыми кітапханамен бірлесіп ұйымдастырды.
Курстарға Астана мен Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарының кітапхана қызметкерлері қатысты. 72 сағаттық бағдарлама аясында қатысушылар дәрістер тыңдап, практикалық сабақтарға қатысып, кәсіби жағдайларды талдап, цифрлық трансформация жағдайындағы кітапхана қызметінің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Курс бағдарламасы кітапхана қызметінің нормативтік-құқықтық негіздерін, цифрлық ресурстар мен ғылыми-метриялық құралдарды пайдалануды, каталогтаудың заманауи стандарттарын, сондай-ақ кітапханаларды басқару және стратегиялық дамыту мәселелерін қамтыды.
Практикалық дағдылар мен құзыреттіліктерді дамытуға, оқу және ғылыми-зерттеу үдерістерін тиімді қолдау үшін қажетті библиографиялық жазбаларды құру ережелері мен әдістеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар аккредитацияға дайындық бойынша ұсыныстар алып, лицензиялық электрондық ресурстардан ақпарат іздеу бойынша сабақтарға қатысып, платформаларды тәжірибеде қолдану әдістерін меңгерді.
Оқу соңында барлық қатысушылар біліктілікті арттыру туралы және алған білімдерін кәсіби қызметінде қолдануды растайтын сертификаттарға ие болды.
Мұндай курстардың өткізілуі кітапхана мамандарының кәсіби әлеуетін дамытуға және университеттегі білім беру мен ғылыми үдерістерді ақпараттық қамтамасыз ету сапасын арттыруға ықпал етеді.
