
Экология бойынша республикалық олимпиада ЕҰУ-де өтуде



































2025 жылғы 28–30 сәуір аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Экология» білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында XVII Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі өтіп жатыр. Іс-шараны Жаратылыстану факультетінің «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» кафедрасы ұйымдастыруда.
Олимпиаданың мақсаты – студенттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіби дайындығының деңгейін арттыру, олардың ғылыми әлеуетін дамыту, экологиялық мәселелерді шешуге деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыру және ғылыми-зерттеу мен өндірістік қызметке бейім талантты жастарды қолдау.
Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен келген 25 команда (барлығы 75 студент және 25 ғылыми жетекші) қатысуда. Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өтуде. 13 команда қазақ тілінде, 12 команда орыс тілінде білім алуда.
Олимпиаданың бірінші кезеңі 28 сәуірде өтті және «Геоэкология», «Экологиялық мониторинг», «Өндірістік экология», «Экологиялық нормалау және сараптама» пәндері бойынша тестілеуден тұрды. Бүгін, 29 сәуірде, екінші кезең – «Климаттың өзгеруін зерттеу: себептері мен салдарын талдау, инновациялық шешімдер мен бейімделу стратегияларын әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми жобаларды қорғау өтіп жатыр.
Олимпиада қатысушыларына арнау сөзбен Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі – Бейсенбай Ардақ Бақытұлы және Жаратылыстану факультетінің деканы Берденов Жарас Ғалымжанұлы сөз сөйледі.
Олимпиада ғылыми ынтымақтастық пен интеллектуалдық бәсекелестік рухында өтуде, студенттер арасында экологиялық ойлауды қалыптастыруға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
