
ЕҰУ-де Жапония мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы қонақ дәріс өтті











Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ambassador Talks ENU» аясында Жапония Елшілігінің Екінші хатшысы, Мәдениет, білім, ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Еко Секигути ханым қонақ дәріс оқыды.
«Жапония мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас аспектілері» тақырыбындағы қонақтық дәріс Шығыстану кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері үшін ұйымдастырылды.
Дәрістің ашылуында Халықаралық қатынастар факультеттінің деканы Мирас Қосыбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени байланыстардың маңыздылығына тоқталды. Еко Секигути ханым дәріс барысында жапон әдебиетінің классикалық және заманауи үлгілері арқылы Жапония мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың өзекті тұстарын баяндап, рухани алмасудың халықаралық қатынастар жүйесіндегі рөліне тоқталды. Жапон тілінде өткен дәріс студенттер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Тыңдаушылар жапон тілінде сұрақтар қойып, дипломатпен еркін пікір алмасты.
Кездесудің қорытынды сөзінде Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гүлнара Бірімқұлова және аға оқытушы Гүлшат Өтеулиева Жапония Елшілігінің Екінші хатшысы, Мәдениет, білім, ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Еко Секигути ханымға алғыстарын білдірді.
Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби құзіреттілігін арттыруға, халықаралық мәдени кеңістікті тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
