
ЕҰУ-да бірінші Халықаралық «RoboZerde-2025» робототехника фестивалі өтті













Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2025» І Халықаралық робототехника фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстанның 17 облысы мен 3 қаласы мектептерінен 200-ден аса оқушы, сонымен қатар Қырғыз Республикасының азаматтары қатысты.
Іс-шара ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер мен блогерлердің қатысуымен өтті. Еуразия ұлттық университеті, «АМАНАТ» партиясы, Астана қаласы Білім басқармасы, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының өкілдері қатысып, ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, «Астана дарыны» талантты жастар мен дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бейсенбаева, информатика пәнінің мұғалімі Гүлсара Жұмағатова, Әлиханның физика пәнінен сабақ берген мұғалімі Валя Қайсенова, ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы және басқалар құттықтау сөз сөйледі.
«Фестивальдің мақсаты – өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау. Қазір робототехниканы ғалымдар ғана емес, мектеп оқушылары да игеруде. Болашақ жасанды интеллектте, робототехникада және шығармашылықта. Біз Қазақстанда жаңа технологиялардың құрылуына басты назар аударуымыз керек. Робототехника – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан сала, ал бүгінгі мектеп оқушылары болашақта сұранысқа ие мамандық иелері болады және болашақ ЕҰУ студенттері атанады деген сенімдемін», - деп атап өтті Ардақ Бейсенбай қатысушыларға арнаған сөзінде.
Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы Білім басқармасы, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы, Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» республикалық ғылыми - мамандандырылған лицейі, Аstanа ІТ University, «KAZ ROCKETS» қоғамдық қоры ұйымдастырған фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді.
«Алғашқы жылы қалалық, одан кейінгі жылы республикалық көлемде өтті, биыл бірінші рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр.Біз соған қуаныштымыз. Әлихан Мақсұт жете алмаған арманға енді осы фестивальге қатысушы балалар жетсе екен деген тілек пен мақсат біздікі- дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, Әлиханның физика пәнінен сабақ берген мұғалімі Валя Қайсенова.
ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы фестивальдің мақсаты өмірден ерте өткен талантты оқушының, робототехника саласындағы халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Әлихан Мақсұттың өмір салтын насихаттау, болашақ техникалық мамандарды және оқушылардың инновациялық жобаларын қолдау екенін атап өтті.
Еліміздің жиырма өңірінен, сондай-ақ Қырғыз Республикасынан шақырылған 10-18 жас аралығындағы екі жүзден астам мектеп оқушылары келесі 6 номинация бойынша қатысты: «Микро – FPV» 12-18 жас; «Дрон-футбол» 12-18 жас; «Басқару тренажеры» 10-18 жас; «Мерген» 14-18 жас; «Кері сызық жарысы» 9-13 жас; «Менің қосымша кейс байқауым» шығармашылық санаты 13-18 жас.
Фестиваль аясында «Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт ұстазы», «Міржақып Дулатұлы.Оян, қазақ!» фильмдерінің режисері, сценарист, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің екі дүркін жеңімпазы Мұрат Есжанның Әлихан Мақсұтқа арналған «Әлиханның арманы» деректі фильмі көрсетілді.
Фестиваль қатысушысы, Абай облысы, Семей қаласындағы №22 жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы Азат Сапаралы «Мерген» жобасының авторларының бірі.
«Біз бүгінгі жарыста «Мерген» саласы бойынша қатыстық. Бұл жарыс өте әділ өтті және маған қатты ұнады. Бұған дейін біз қалалық олимпиадада жеңімпаз атансақ, былтыр осы жарыста менің достарым екінші және үшінші орын алған болатын. Ал бүгінгі фестивальде біздің топтан Көкшетау мен Тараз қаласынан келген командалар топ жарып, жеңімпаз атанды. Бұл бізге шыңдалу жағынан үлкен сабақ болды», - деді Азат.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық фестиваль соңында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар марапатталды.
