
ЕҰУ-да «Біріккен Ұлт жеңеді» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Еуразия ұлттық университетінде «Біріккен Ұлт жеңеді» атты V халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Ұлы Жеңісті ұлықтаған, рухы биік жас ұрпақ!» деп аталған биылғы байқау Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және университеттің Журналистика факультетінің 15 жылдығына арналды.
Марапаттау рәсімі Мемлекеттік туымызды енгізумен және мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды.Алғашқы сөз кезегін Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай алып, Жеңістің 80 жылдығына орай университетте ұйымдастырылған шаралардың маңыздылығын атап өтті. Содан кейін жиналған қауымды келе жатқан 9 мамыр –Жеңіс күні мерекесімен және «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздарын құттықтады.
«Бұл байқау 2020 жылдан бері өткізіліп келеді.Халықаралық байқауды өткізу идеясының авторы және жетекшісі – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, кәсіби тележурналист, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, профессор Ұлбосын Есенбекова. Өздеріңіз білесіздер, ректорымыз Ерлан Бәтташұлы бұл жобаны алғашқы кезден қолдап-қуаттады. Соның нәтижесінде, «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты байқау жыл сайын өткізіліп келеді.Жеңімпаздарды Жеңіс күні қарсаңындағы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын», - деп атап өтті проректор Ардақ Бейсенбай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқауға шетелдік және отандық университеттердің 100-ден аса студенттері мен магистранттары, докторанттары қатысқан.Сонымен қатар отандық университеттерден басқа Америка, Ұлыбритания, Жапония, Канада, Түркия, Ресей мемлекеттерінің жетекші оқу орындарының білім алушылары да өз бейнематериалдарын ұсынды.
Халықаралық байқаудың жеңімпаздарын Гран-При мен І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанарбек Әшімжан, ҚР Қарулы күштерінің запастағы майор-ардагері Қуаныш Мұхамадиев, сонымен қатар Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессорлары мен БАҚ өкілдері марапаттады. Атаулы номинациялар бойынша ерекше мазмұнда, жаңашыл форматта дайындалған жұмыстарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Халықаралық байқауда Еуразия ұлттық университетінің студенті Фариза Бауыржанның «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа ұран!» тақырыбындағы бейнематериалы ең үздік деп танылды.
Бірінші орынды Назарбаев Университетінің студенті Ақбілге Құтым мен ЕҰУ студенті Сымбат Серкқызы иеленсе, екінші орынды М-Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Аяжан Ақылбекова мен Toronto Metropolitan University студенті Алишер Имашев, Халықаралық ақапараттық технологиялар университетінің студенті Нұрай Сағатова, Томирис Абдықадыр, Қожабай Қыдырәли өзара бөлісті.
Ал жүлделі үшінші орын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Қасымжомарт Егінбев, Қарақат Аманжол, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Сабина Болатова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Айдана Жамботыроваға бұйырды.
Сондай-ақ марапаттау рәсімінде «Үздік идея», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік монтаж» және «Күлтегін», «Сағат Әшімбаев», «Шерхан Мұртаза», «Ақселеу Сейдімбек», «Сұлтан Оразалин», «Марат Барманқұлов» атындағы аталымдар да табысталды.
