
ЕҰУ Үрімші қаласындағы «Study in Kazakhstan» көрмесіне қатысты

Шетелдік мектеп түлектері Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өтіп жатқан «Study in Kazakhstan» көрмесі аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алуға жоғары қызығушылық танытты.
Болашақ талапкерлер ЕҰУ-дің шетелдік студенттерге арналған білім беру бағдарламаларымен танысып, университет қызметкерлерінен кеңес алу барысында оқу орнының мүмкіндіктері мен жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Айта кету керек, қазіргі таңда Еуразия ұлттық университетінде 29 елден келген шамамен 2500 шетелдік студент білім алуда, олардың ішінде Қытай Халық Республикасынан 150-ге жуық студент бар.
Университет бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын ұсынады, олар халықаралық стандарттарға сай. Оқу үдерісі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
ЕҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтасып, студенттерге халықаралық алмасу бағдарламаларына, тағылымдамаларға және зерттеу жобаларына қатысуға бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Университет халықаралық білім беру ынтымақтастығы аясындағы бағдарламалар мен жобаларға қатысады.
«Study in Kazakhstan» көрмесі - Қазақстанның білім беру қызметтерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және шетелдік студенттерді тартуға бағытталған маңызды іс-шара.
Көрме қазақстандық жоғары білімнің халықаралық танымалдығын арттыруға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және дарынды шетелдік студенттерді тартуға ықпал етеді.
Айта кетсек, Үрімшіде өтіп жатқан көрмеде де Қазақстанның 16 жоғары оқу орны таныстырылуда.
