
Америкалық студенттер ЕҰУ-де қазақ тілін тереңірек меңгеруде

Аризона университетінің студенттері қазақ тілін тереңдетіп оқуға ниет білдірді. Бүгінде ЕҰУ оқытушылары америкалық жастар үшін қосымша сабақтар өткізуде.

АҚШ жастары ЕҰУ-ға биылғы жылдың маусым айында келді. Олар 6 апта бойы жазғы мектеп форматында тілдерді, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді үйренуде. Аризона университетінің бірнеше студенті қазақ тіліне қызығушылық танытып, оны тереңірек меңгеруге ниет білдірді. Олар үшін ЕҰУ оқытушылары қосымша сабақтар өткізуде. Олар шетелдік жастарға тілдің негіздері мен сөз тіркестерін үйретеді, қазақ әндерін талдайды, қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларымен таныстырады.
Аризона университетінің студенті Хуан Валенсуэла АҚШ-та алғаш рет қазақ әндерін естіп, тілді үйренуге шешім қабылдаған.
«Еуразия ұлттық университетінде жазғы мектеп туралы білген бойда мен бірден Қазақстанға келуге бел будым және ешқашан өкінген емеспін. Менің дипломат ретіндегі болашақ мамандығым бірнеше тілді, соның ішінде қазақ тілін үйренуді де қамтиды. Университет оқытушыларының жоғары деңгейін атап өткім келеді. Олардың біліктілігі жоғары және өз саласында сауатты, бізге сабырмен тіл үйретеді. Жазғы мектебінде сабақтар өте мазмұнды және қызықты өтуде.
Бізге оқумен қатар, жан-жақты мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Біз Астананың және Ақмола облысының көрікті жерлерін аралап, елдің тарихы, мәдениеті, табиғаты туралы көп білдік. «Астана Опера» театрында үлкен әсерге бөлендім. Онда біз жас ғашықтардың әдемі де қайғылы махаббат хикаясы туралы «Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу» операсын тамашалауға мүмкіндік алдық.Қазақстандықтардың менталитеті мексикалықтарға ұқсайтыны, қонақжай және мейірімді екені мені таң қалдырды. Қазақстанға сапарым есімде мәңгі сақталады», – дейді студент Хуан Валензуэла.
Америкалық Мишель Орт Қазақстанға жазғы мектеп оқушыларына көмектесу үшін келді. Ол да бүгінде қазақ тілін үйренуге ден қойды.
«Мен әрқашан тілдерге қызығушылық танытамын. Қазақстанда келген соң, қазақ тілін үйренуді маңызды деп санадым. Қазақстан халқы өз тарихын құрметтейтінін, ұлттық құндылықтарға мән беретінін түсіндім. Мені ұлттық тарих өте қызықтырады, ол туралы көбірек білгім келеді. Келесі жазда осында оралып, қазақ тілін үйренуді жалғастырамын деп үміттенемін.
Мұндағы адамдар өте ашық және мейірімді. Университет оқытушылары өз жұмыстарына жауапты. Олар студенттердің материалды тек теория жүзінде ғана емес, сонымен қатар практикада да мүмкіндігінше меңгеруіне ұмтылады. Елорданың көрікті жерлерін аралап, ұлттық тағамдардан дәм таттық, мәдениетін зерттедік. ЕҰУ-де оқу бағдарламасы өте мазмұнды», - деп өз ойымен бөлісті Мишель Орт.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Саягүл Кәрібаева америкалық студенттер қазақ тілін 16 сағат ішінде меңгеру әдістемесі бойынша оқып жатқанын айтты.
«Оқушылар қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытуда. Осы уақыт ішінде олар сұрақ қойып, жауап беруді үйренді. Сабақ барысында ойын форматындағы қызықты әдістерді қолданамыз. Шетелдік студенттер өте талантты, еңбекқор. Олардың құлшынысы шабыттандырады. Америкалық жастар қазақ тілін біздің елге келмей тұрып, онлайн курстарда үйрене бастаған. Шетелдіктердің тілімізді, салт-дәстүрімізді құрметтеп, біз туралы көбірек білуге тырысатынына өте қуаныштымын», - деді оқытушы.
Айта кетейік, Аризона университетінің студенттеріне арналған алғашқы жазғы мектеп ЕҰУ мен Аризона университеті арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылды. Нәтижесінде студенттер тіл курсын аяқтағаны туралы сертификаттарға ие болады.
