
Астана қаласының мектеп оқушыларына арналған танымдық-тәжірибелік іс-шара жоғары деңгейде өтті

2025 жылдың 15 мамырында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Химия кафедрасының ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған танымдық-тәжірибелік бағыттағы іс-шара өтті. Бұл бастама оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру, химия ғылымына деген қызығушылығын ояту және кәсіби бағдар беру мақсатында өткізілді.
Шараға Астана қаласының №108, №27, №76, №5, №1 және №17 мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары белсене қатысты.
Іс-шара аясында химия кафедрасының аға оқытушысы, PhD-доктор Тосмағанбетова К.С. №155 химия зертханасында «Эксперименттік есептерді шешу жолдары» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында оқушылар зертханалық құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, тәжірибе арқылы есеп шығару дағдыларын дамытты.
Сонымен қатар, химия кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты Суюндикова Ф.О. оқушыларға химия кафедрасының білім беру бағдарламаларының мазмұны мен болашағы туралы кеңінен түсіндіріп, кәсіби бағдар беру бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында кафедраның 3 курс студенттері Масагутов Т. пен Вотчель Д. мектеп оқушыларына түрлі қызықты және әсерлі химиялық тәжірибелер көрсетті. Бұл көрсетілімдер оқушылардың танымдық қызығушылығын оятып, ғылымға деген ынтасын арттыра түсті.
Оқушылар химиялық зертханаларды аралап көріп, ғылыми зерттеу зертханаларының ғылыми бағыттарымен танысты.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан үлкен ықылас пен оң пікірге ие болды. Осындай бастамалар жас ұрпақтың ғылымға бет бұруына және болашақ мамандығын саналы таңдауға зор ықпал етеді.
