
ЕҰУ сарапшылары медиа саласындағы үрдістерді, проблемалар мен перспективаларды талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессоры Серік Таханның 70 жасқа толған мерейтойына орай «Қазіргі мәдениет контекстіндегі медиа және әдеби дискурстар: тенденциялар, мәселелер және перспективалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік ЕҰУ-дің Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, білім беру саласы мамандары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның құттықтау хатын жеткізді. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының әкімдігі, Аппарат басшысы Елухан Ергебаев «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» атты атағын табыстап, әкімнің жылы лебізін жеткізді.
Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Шәкәрім университеттерінің Басқарма төрағасы - ректорлары, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжановтың құттықтау хаттары оқылды.
Ал, ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай университет ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау хатын оқып, университетіміздің ең жоғары марапаты «Күлтегін» медалімен марапаттады.
«Сіз мағыналы ғұмырыңыздың ширек ғасырға жуық уақытын университет қабырғасында өткізіп келесіз. Ұстаз бір елдің болашағын жасайтын киелі мамандық иесі. Ал, жастардың жүрегін тербеп, ой, сезіміне әсер ету тәрбиешіл ұстазға байланысты. Сіздің әдіскерлік шеберлігіңіз жайында әріптестеріңіз ықыласпен айтып жатады. Жаңа жасыңызбен тағы құттықтай отыра, ғұмыр жасыңыз ұзақ, табысты болуға тілектеспін», - деп университет басшылығының құттықтау сөзін жеткізді проректор Ардақ Бейсенбай.
Конференция аясында профессор Серік Таханның «Академик Рымғали Нұрғали (1940–2010): ғылыми шығармашылық мәселелері» және «Жаһандық мәдениет жүйесіндегі әдебиет және публицистика» атты ғылыми еңбектерінің тұсауы кесілді.
Конференцияда Киото Сангё Шет тілдер университеті, Еуропа тілдер кафедрасының меңгерушісі, профессор Китадзё Мицуси (Жапония), филология ғылымдарының докторы, Новосибирск ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінің бұқаралық коммуникациялар кафедрасының профессоры Ирина Высоцкая (Ресей) арнайы ЕҰУ-не келіп құттықтап, баяндамаларын жасады. Баяндама жасаған шетелдік ғалымдардың қатарында Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры (РФ) Сергей Корконосенко, М.В. Ломоносова атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті профессорлары Наталья Клушина мен Александр Колесниченко, Баку Славян университетінің профессоры (Әзірбайжан) Флора Наджиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары Лайла Ахметова мен Сауле Барлыбаева және т.б. болды.
Конференцияда медиа, мәдениетаралық коммуникация, әдебиеттану және лингвистика салаларындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылау, сондай-ақ қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында жоғары білім беру сапасын арттыру жолдарын қарастыру тақырыптары қозғалды.
Ғылыми конференция - заманауи ғылым мен білім интеграциясы аясында жаңа ғылыми ой-пікірлермен алмасу, серіктестік байланыстар орнату және болашақ зерттеулердің басым бағыттарын айқындау алаңы болды.
