
ЕҰУ-да түркітілдес елдердің өкілдері түркітілдес мамандарды даярлау мәселелерін талқылады















Л. Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің «Түркітану» кадрларын даярлау бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігінің «Түркі әлемінің ықпалдастығын арттыру аясында Түркітану бағыты бойынша мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.
Кеңейтілген отырысқа Халықаралық қатынастар факультетінің «Түркітану» кафедрасының негізін қалаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, Төтенше және Өкілетті елші, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Қазақстандағы Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісінің білім жөніндегі кеңесшісі Өмер Инан, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары Ровшан Кязимов, Түрікменстан Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Бірінші хатшысы Шаберды Батыров, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің орынбасары Ференца Цомбош қатысып, алғысөз сөйледі.
Сонымен қатар, кеңейтілген отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім Комитеті, Мемлекет тарихы институты, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, «Түркі академиясы» халықаралық ұйымы, Өзбекстанның мемлекеттік университеттері өкілдері, сондай-ақ «Түркітану» кадрларды даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының мүшелері қатысты. Жиын барысында түркітану саласында білім беру бағдарламаларын жаңғырту, кадрлар даярлау сапасын арттыру, түркітілдес елдердің ғалымдары мен студенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ортақ ғылыми жобаларды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – түркітілдес мемлекеттер арасындағы академиялық ықпалдастықты күшейту және түркітану саласында білікті мамандар даярлау, цифрлық трансформация жағдайында тиімді білім беру жолдарын айқындау болды. Сонымен қатар, отырыс аясында бірқатар ұсыныстар мен ортақ шешімдер қабылданып, болашақта атқарылатын іс-шаралардың бағыттары нақтыланды.
Бұл жиын түркі әлемінің рухани және ғылыми байланыстарын нығайтуға арналған маңызды қадам болды.
