
ЕҰУ мен Йель университеті ынтымақтастық орнатуда
Еуразия ұлттық университетіне Йель университетінің делегациясы келді. Делегация құрамында профессорлар, менеджерлер және студенттер болды. Қонақтарды университеттің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және департамент директорлары қарсы алды.
Кездесу барысында тараптар білім алушылар мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ өзара зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылады.
Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов:
«Бізде ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қолдаудың арнайы бағдарламалары – мегагранттар бар. Бұл бағдарлама талаптарының бірі – шетелдік серіктестердің болуы. Қазіргі уақытта ЕҰУ осындай мегагрантты жүзеге асыруда. Сіздер бұл салада біздің серіктес бола аласыз.
Ынтымақтастықтың екінші бағыты – Жазғы мектептер. Біздің уиверситетте халықаралық жазғы мектептерді өткізу тәжірибесі бар. Менің ойымша, бұл сіздерді қызықтыруы әбден мүмкін.
Сонымен қатар, Қазақстанда «Болашақ» халықаралық бағдарламасы жұмыс істейді. ЕҰУ зерттеушілері осы бағдарлама аясында әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында үнемі білім алуда. Біз ынтымақтастықтың бұл нұсқасын қарастыра аламыз», - деп атап өтті проректор.
Йель университетінің Халықаралық пәнаралық тарих профессоры Дэвид Энгерман өз сөзін былай түйіндеді:
«Біз осы аймақтың ортасына қызығушылық танытқан зерттеушілерді шақыра отырып, Орталық Азия бойынша зерттеулерді кеңейтуді қалаймыз. Бұл бастаманың бірінші жылы. Біз мұнда аймақта байланыс орнату үшін келдік. Біздің басты басымдылығымыз негізгі интеллектуалды байланыс, әңгімелесу арқылы өзара алмасуды жүзеге асыру.
Біз жас ғалымдарға арналған воркшоп өткізуге мүдделіміз. Болашақта Орталық Азияда осы аймақтың барлық жас ғалымдарын бір-бірімен жұмыс істеу үшін жинағымыз келеді.
Бұдан басқа, бізде жеке жұмыс істейтін студенттер бар. Жақында олар Орталық Азияға өз зерттеулерін жүргізу үшін келеді.
Сіздің студенттеріңіз Америка Құрама Штаттарына келу мүмкіндігіне қызығушылық танытатын дәрежеде біз студенттерімізге қолдау көрсету үшін жұмыс істей аламыз. Біз оларды зиялы қауымға біріктіруге мүмкіндік алғымыз келеді», - деді ғалым.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың кейбір мәселелерін кеңінен талқылады.
Йель университеті американдық ең беделді жекеменшік университеттер қауымдастығының Ivy League мүшесі болып табылады. Йель университеті QS рейтингінде 23-ші орында.
Айта кетейік, ЕҰУ АҚШ-тың 12 университетімен ынтымақтасады. Олардың ішінде Пенсильвания мемлекеттік университеті, Калифорнияның мемлекеттік Нортридж университеті, Лоуэлланың Массачусетс университеті, Шығыс Вашингтон университеті, Бингемтондағы Нью-Йорк мемлекеттік университеті, Вашингтон университеті, Уэйн мемлекеттік университеті, Албани университеті, Сан-Антониодағы Техас университеті, Орталық Флорида университеті, Аризона университеті, Миннесота Дулут университеті бар.
ЕҰУ Аризона университетімен бірге орыс және қазақ тілдерін оқыту бойынша жазғы мектеп өткізді.
ЕҰУ-да американдық бұрыш бар, ол ағылшын тілін үйретеді және американдық мәдениетпен таныстырады.
ЕҰУ факультеттерінде АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары сабақ береді, сондай-ақ ЕҰУ оқытушылары Американың үздік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді.
