
Ақмола облысы Қоянды ауылында ЕҰУ студенттерінің көшпелі жазғы практикасы маусымының ашылуы өтті


















Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің көшпелі практикасы маусымының салтанатты ашылуы өтті. Тәжірибеден өтуге 6В05210 «Гидрология», 6В05306 «Органикалық заттар мен полимерлер химиясы», 6В07311 «Геодезия және картография», 6В07314 «Қала құрылысын жоспарлау және кадастр», 6В05107 «Биология», 6В05515 «География», 6В05524 «Мұғалімдерді даярлау» білім беру бағдарламаларының 1-2 курс студенттерінің 260 студенті «Золотой фазан» кешеніне барды.
Шараны ЕҰУ-дын карьера және әріптестік бөлімі мен Астана қаласындағы «Activetours» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырды.
Маусымның ашылу салтанатына ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай қатысып, студенттердің тәжірибеден өтулеріне сәттілік тіледі.
«Сіздерді жазғы далалық тағылымдаманың ашылуымен құттықтаймын! Жоғары білікті маман болу үшін теорияны тәжірибемен ұштастыру маңызды. Осыған байланысты ЕҰУ сіздерге осындай мүмкіндік беріп отыр - алған біліміңізді іс жүзінде қолдана аласыз. Тәжірибеден сәтті өтулеріңізге тілектеспін, оқыңыз, тәжірибе жинаңыз!», - деді проректор А.Бейсенбай.
«Activetours» ЖШС директоры Мэлс Әбенов атап өткендей, «Золотой фазан» кешені жайлы бөлмелермен, ландшафтпен және тәжірибе өткізуге қажетті жағдайлармен жабдықталған.
Айта кетейік, бұл күні 6Во5209 - География білім беру бағдарламасының 1-2 курсының 147 студенті 5 жетекшінің бастауымен Ақмола облысы, Зеренді ауылындағы «Парус» лагеріне жазғы дала практикасынан өтуге аттанды. Сонымен қатар 6В02208 – «Археология және этнология» 1,2,3 курс білім беру бағдарламасының 112студенті және 6В02205 – Тарих БББ 3 курс студенттері Абай облысына археологиялық-этнографиялық тәжірибеден өтуге барса, 6В05210 «Гидрология» 3 курсының 20 студенті Тараз қаласының «Қазсушар» мекемесінде, 6В05208 «Экология және табиғатты пайдалану» ББ 2 курс 121 студенті «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында өндірістік тәжірибелерін бастады.
