
АЛЖИР құрбандарының беймәлім тағдырлары зерттеледі

«Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» тұтқындарының белгісіз тағдырын Еуразия ұлттық университетінің тарихшылары мен студенттері зерттемек.
Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, басқарма төрағасы Ерлан Сыдықов пен Мемориалды-саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары музей кешенінің (АЛЖИР) директоры атынан әрекет ететін Сергей Солодников арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою кезінде келісілді. Аталған кешен Астана қаласы әкімдігінің «Біріккен музейлер дирекциясы» КММ құрамына кіреді.
«АЛЖИР» тұтқындарының тағдырларының көпшілігі әлі күнге дейін зерттелмеген. Олардың өмірбаянын, туыстарын, естеліктерін зерттеу қажет. Бұл бағытта терең ғылыми зерттеуді талап ететін көптеген аспектілер бар. Ғалымдар мен студенттер осы музейге келіп, ғылыми жұмыстарын осы тақырыптарға арнайтын болады.
Меморандумның мақсаты — музейді ғалымдар тарапынан қолдау және оны халықаралық деңгейдегі музейге дейін дамыту. Сонымен қатар, болашақ мамандар — қазіргі студенттер үшін өндірістік тәжірибе ұйымдастыру, олар осы жерде зерттеу жүргізетін болады. Бұдан бөлек, университет студенттері үшін музейге арналған экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған.
Бұл шаралар тарихи жадымыз арқылы өткеніміздің ауыр кезеңдерін ұмытпау үшін қажет. Сонда ғана мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге болады», — деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кетейік, ынтымақтастық аясында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, ғылыми жарияланымдар шығарып, бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастырып, студенттерге арналған тағылымдамалар мен тәжірибелер өткізу жоспарлануда.
«Еуразия ұлттық университетімен арадағы бұл ынтымақтастық – ең алдымен, жастарды тәрбиелеу. Бұл жерде отансүйгіштік те, жадыны сақтау да бар. Мұндай сұмдықтардың қайталанбауы үшін қажет. Екіншіден, бұл — зерттеу жұмыстары: ғылыми мақалалар жазу, фильмдер түсіру және ауқымды, сан алуан жұмыс көлемін атқару», — деп атап өтті Сергей Солодников.
Іс-шараға жетекші тарихшылар мен оқытушылар қатысты.
