
Отандық және шетелдік ғалымдар ЕҰУ-да қазіргі әдебиеттанудың мәселелері мен жаңа парадигмаларын талқылады
Еуразия ұлттық универсиетінде отандық және шетелдік ғалымдар, ұлт зиялыларының қатысуымен көрнекті зерттеуші, сыншы, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғалидің 85 жылдығына арналған «Қазіргі әдебиеттану: теориялық мәселелер және жаңа парадиагмалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференция барысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Омаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектың құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын Алмас Мырзахметов жеткізді.
Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Польшаның Катовице қаласындағы Силез университеті және Татарстанның жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар қатысып, баяндама жасады.
Еуразия ұлттық универсиетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференция жұмысына сәттілік тіледі:
«Университетіміздің дамуына зор үлкес қосқан академик Рымғали Нұрғалидің 85 жылдығына арналған бұл алқалы жиын – ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым мұрасының маңызын жаңаша бағамдап, әдебиеттану ғылымының бүгінгі бағыт-бағдарын айқындауға зор мүмкіндік беретін ғылыми алаң.
Рымғали Нұрғали – тек ғалым ғана емес, сонымен қатар әдебиет пен өнердің терең зияткері, Абайтанушы, Алаш мұрасын зерттеудің көшбасшысы, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ ғылымының беткеұстар тұлғаларының бірі», - деп атап өтті ректор.
Профессор Рахымжан Тұрысбек Р. Нұрғалидің әдебиет және ғылым жолындағы дара қолтаңбасына баса назар аударды:
«Академик Р. Нұрғали қазақ руханиятына, соның ішінде білім мен ғылым ісіне сүбелі үлес қосты. Бұл бағытта іргелі ізденістер жасап, ерен еңбек етті. Алаш тақырыбына ерте келді. Профессор Б. Кенжебаев мектебінен өтті. Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің өмірі мен кезеңін, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасын ерте білді. Алаш ұранды әдебиет мәнін, бағыт-бағдарын, елдік ұстанымын жіті танып, терең зерделеді. Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметін, олардың ұлттық мемлекет құру идеясын терең түсінді. Отаршылдыққа қарсылығын, «басып алып, билей бер!» сынды жат әрекет, теріс қимылдарына да жіті ден қойды. Бұл бағытта бірқатар еңбектер жазды: «Арқау», «Күретамыр», «Телағыс», «Сырлы сөз», «Драма өнері», «Сөз өнерінің эстетикасы», «Алаш ұранды әдебиет», «М. Әуезов және Алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» тағысын тағылар», - деді Рахымжан Тұрысбек.
Конференция жұмысы барысында Ресей, Түркия және отандық жоғары оқу орындарының өкілдері: педагогика ғылымдарының докторы, профессор Резеда Мухамедшина (Ресей), филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков, ақын-жазушылар Алтыншаш Жағанова, Баянғали Әлімжанов, Өтеген Оралбаев, Өтен Ахмет, Тұрсынбек Баймолдаевтар естен кетпес естеліктер айтса, академик Уәлихан Қалижан бастаған бір топ ғалымдар Рымғали Нұрғалидің ғылыми әлемі жайлы баяндама жасап, көрнекті ғалымның рухын шат етті.
Іс-шарада әдебиетке қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Жаһандық өзгерістер жағдайында ғалымның еңбектеріне байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Астана қаласында көше атттары мен мектеп атын беруге мән берілді және ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасын Рымғали Нұрғали есімімен атау туралы ұсыныс түсті. Сондай-ақ Рымғали Нұрғалидың қайраткерлік қыры, оқытушылық қызметі мен ғылыми еңбектері дәріптелді.
Бұған қоса, конференцияға қатысушылар назарына Рымғали Нұрғалидың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, көзі тірісінде тұрған үйіне орнатылған тақта алдына гүл шоқтары қойылды, рухына тағзым жасалды.
Халықаралық жиын түс қайта «Қазақ әдебиеттану ғылымы және Рымғали Нұрғали мұрасы», «Әдебиеттанудың теориялық мәселелері және Рымғали Нұрғали еңбектеріндегі жаңашыл пайымдаулар», «Гуманитарлық ғылымдардағы пәнаралық зерттеулер» атты тақырыпта үш секция бойынша жалғасты.
Орайы келгенде айта кетейік, жазушының «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Қазақ драматургиясы», «Өнердің эстетикалық нысанасы», т.б. зерттеу еңбектері, «Дән», «Ай қанатты арғымақ» прозалық кітаптары жарық көрген.
