
ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасы профессорының академиялық қазақ тілін әзірлеу жөніндегі жобасы Нидерландыда таныстырылды

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» жобасы аясында жоба жетекшісі, ф.ғ.к., доцент, «Қазақ тіл білімі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнар Сәрсеке Нидерланд Корольдігінің Радбау университетінде іссапарда болып қайтты. Бұл іссапар әртүрлі тілдерде 22 академиялық корпусты ұсынып отырған Еуропалық CLARIN ERIC ұлттық концорциумның халықаралық гранты негізінде мүмкін болды.
Іссапар барысында ғылыми жоба жетекшісі Гүлнар Сәрсеке Радбау университетінің Гуманитарлық ғылымдар зертханасының меңгерушісі Ph.D Хувел ван ден Хенкпен кездесті. Ғалым Хувел ван ден Хенк – тілдік және сөйлеу дерекқорларын құру, сөйлеу транскрипциясы (орфографиялық және фонетикалық), сөйлеуді автоматты түрде тану және тіл үйрену саласындағы сарапшы. Кездесу барысында Гүлнар Сәрсеке «Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми жобасын таныстырды. Кездесуде ғылым докторлары Хеувел Хенк ван ден, Остдейк Неллеке Дж., Комен Эрвин Р., Дитер Ван Ютванк, Сандерс Эрик П. корпус үшін сөздер тізімін жасау, академиялық мәтіндерге арналған ресурстар тобын құру, көшіру құқығы т.б. мәселелер туралы баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жоба мүшелері академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу барысында жасалатын жұмыстар мен күтілетін нәтижелер туралы пікір алмасты.
Шетелдік әріптестерімізге нәтижелі кездесу және жинақталған тәжірибе үшін алғысымызды білдіреміз.
