
Виртуалды зертханалар мен симуляторлар — техникалық білімнің болашағына қадам

2025 жылдың 27 мамырында Педагогикалық шеберлік мектебі аясында «Техникалық мамандықтар студенттеріне арналған заманауи білім беру технологиялары ретінде виртуалды зертханалар мен симуляторлар» тақырыбында семинар өтті. Баяндама жасаған – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Химия» кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к., PhD Толымбекова Л.Б. Ол білім беру үдерісін цифрландырудың заманауи тәсілдерін, соның ішінде химиялық пәндерді оқытуда виртуалды зертханалар, симуляторлар және цифрлық егіздерді қолдану мүмкіндіктерін атап өтті.
Семинар барысында виртуалды зертханалар мен симуляторларды қолдану заманауи білім берудің маңызды элементіне айналғаны айтылды. Виртуалды зертхана күрделі тәжірибелер жүргізуге, операцияларды орындау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Оқу процесінде студенттер зертханалық жұмыстың ұсынылған бағытына бағынбай, өз бетінше эксперименттік тапсырманың шешу жолын таңдап, оның нәтижесін көре алады. Виртуалды зертхана реактивтерді жұмсамай, уақыт пен күшті үнемдей отырып, тәжірибелерді бірнеше рет қайталауға мүмкіндік береді. Эксперимент жүргізу үшін арнайы жабдықталған зертхана қажет емес, технологиялардың дамуы кез келген жерде, қашықтықтан да тәжірибе жасауға жағдай жасайды. Цифрлық және дәстүрлі оқыту әдістерінің үйлесімді біріктірілуі студенттерді сапалы даярлауға, тәжірибелік оқытудың қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын цифрлық трансформация жағдайына бейімдеуге септігін тигізеді.
Іс-шараға сондай-ақ білім беру және өнеркәсіп салаларына арналған виртуалды зертханалар, симуляторлар мен VR-шешімдерді әзірлеуге маманданған Big Dream Lab компаниясының өкілі қатысты. Өз баяндамасында ол компания қызметі туралы, Қазақстан ЖОО-ларына бейімделген виртуалды химиялық зертханаларды құру жобасы және оқытушылармен бірігіп теңшелген шешімдер жасау мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Семинар барысында қатысушылар бұл ресурстарды қолданудың оң және теріс жақтарын талқылап, пікір алмасты. Дегенмен, барлығы цифрлық зертханалар мен симуляторларды енгізуге бағытталған аралас оқыту форматы студенттердің мотивациясын арттыруға, практикалық білімнің қолжетімділігін кеңейтуге, жабдыққа кететін шығындарды азайтуға, сондай-ақ оқу процесінің қауіпсіздігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінімен келісті. Әсіресе бұл – физикалық зертханаға шектеулі қолжетімділік жағдайында өзекті.
