
ЕҰУ студенттері мен оқытушылары Ұлттық академиялық кітапханада «Тида» кітабын талқылауға қатысты



Ұлттық академиялық кітапханада Қызылордадан келген жазушы Жанұзақ Тұрсынбаевтың «Тида» романының тұсаукесері өтті.
Жанұзақ Тұрсынбаев – «Тида», «Құрдым үстіндегі ішектер», «Ұмыт қалу құмдары», «Масайрау» атты төрт кітаптың авторы. Бұл туындылардың екеуі ағылшын тіліне аударылып, «OZON» платформасында сатылымда. Кітап үзінділері «Литрес» платформасына орналастырылған.
«Тида» романының талқылауына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары, «Астана» медицина университетінің студенттері мен резиденттері, наркологтар мен психиатрлар, менталдық ауытқуы бар балалардың ата-аналар бірлестігінің өкілдері қатысты.
«Тида» кітабы – церебралды сал ауруымен ауырған ұлының қазасынан кейінгі дәрігердің ішкі күйзелісі жайлы. Жұбайының қолдауы, әріптесімен достығы және халық даналығы оның бұл ауыр кезеңді еңсеріп қана қоймай, трагедиялық жағдайда өмірден өткен ұлының есімін иеленген аутизм диагнозы қойылған бала – Қанатқа тірек болуына мүмкіндік береді. Роман шынайы достық, жазушылық шеберлік, сенім, адамдық сынақ пен рухани жеңіс туралы терең ой қозғайды.
Басты назар – Қанат есімді жасөспірімнің қиялынан туған «Тида» деп аталатын әлем арқылы оқырманның өз әлеміне жаңаша көзбен қарауына, менталдық ерекшелігі бар балалар үшін жеке жауапкершілікті сезінуге себеп болатынында. Бұл – адаптивті медицина жайлы емес, бұл – жанашырлық пен мейірім, төзімділік пен адам баласының әлсіздігін түсіну жайлы кітап.
Тұрсынбаев өзге туындылары жайлы да баяндады. Олар – Қорқыт ата өмірі, шопан мен Ақ Сүйек атты иттің тағдыр тоғысуы, күнделікті қарапайым тіршіліктен бақыттың сырын іздеген кейіпкер туралы. «Масайрау» романында қобыз – рухани үндестік пен үйлесімділік ізденісінің символына айналады. Жазушының айтуынша, барлық шығармалар – жүрек түбіндегі сырды ұлттық мәдениеттің тілімен жеткізуге деген ниеттен туған. Қорқытты киелі білім мен қазақтың төл болмысының философиясын жеткізуші ретінде сипаттай отырып, жазушы Тұрсынбаев шығармашылық табыстың және оқырманмен байланыс орнатудың басты заңдылығын – құпия, керемет пен шынайылық екенін атап өтті.
«Тида» романы бойынша өткен қызықты және мағыналы пікірталас бұл кітаптың оқырманы кең екенін көрсетті. Мұнда әркім өзіне жақын дүниені табады: аңызсүйер қауым да, фэнтези мен мифологияны ұнататындар да, тарихи шығарма оқырмандары да. Бұл – заманауи жазушының әрбір ұлт пен дін өкіліне, кез келген жастағы және қызығушылығы әртүрлі оқырманға ортақ мәңгілік өмірлік мәселелерді қозғайтын туындысы.
Оқырмандар жазушыға шығармашылық табыс тілеп, жаңа кездесулер мен романның жалғасын асыға күтетіндерін жеткізді. Шара аясында автор кітаптың жалғасы жөніндегі ойымен де бөлісті.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі – «тұсау кесуге» балалар әдебиетінің танымал жазушысы Д. Жұмаділдаева және ЕҰУ доценті Қ. Уразаева. қатысты.
