
ЕНУ түлегі метрология саласында серпіліс жасады



Шық/қырау нүктесінің температурасын жаңғыртатын тұңғыш отандық технологияны ЕНУ түлегі әзірледі.
Оның жасаған насытқыш құрылғысы Қазақстанға шық нүктесінің температурасын өлшеу бойынша калибрлеуді өз ішінде жүргізуге жол ашты. Бұл — елдің ғылыми тәуелсіздігіне, уақыт пен қаражат үнемдеуге үлкен үлес қосады.
Құрылғы 2024 жылы патенттелді, зерттеу нәтижелері халықаралық Metrology журналында жарияланды.
Қазақстан тарихында алғаш рет COOMET халықаралық жобасына пилоттық зертхана ретінде қатысып отыр: бұл отандық ғалымдардың кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.
Асылбек Жұмағали - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің көлік-энергетика факультетінің стандартизация, сертификаттау және метрология кафедрасының үздік түлегі. Бүгінде ол «ҚазСтандарт» кәсіпорнында қызмет етіп, 27 жасында еліміз үшін маңызды ғылыми жаңалық ашты.
