
RI Instruments & Innovation India компаниясы делегациясының ЕҰУ-ға сапары: ғылым мен инновация жолындағы серіктестік



















2025 жылғы 25–29 мамыр аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде RI Instruments & Innovation India халықаралық инновациялық компаниясының делегациясы болды. Сапар Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин шақыруымен өтті. Делегация құрамында компанияның негізін қалаушы, бас директоры және CEO-сы Dr. Rajendra Prasad Joshi және Алматыдағы RI Instruments & Innovation Kazakhstan бөлімшесінің директоры Адильжан Устенов болды.
2012 жылы құрылған RI Instruments & Innovation India қысқа мерзім ішінде ғылыми-зерттеу құралдарын шығару саласында көшбасшы компанияға айналды. Компания келесі бағыттарда жұмыс істейді:
- жоғары технологиялы спектроскопиялық жабдықтар (мысалы, рамандық спектрометрлер) өндіру;
- графен және оның туындылары – графен оксиді, қалпына келтірілген графен оксиді және аз қабатты графен өндіру;
- графен негізінде полимерлер мен композиттік материалдар жасау.
Бүгінде компанияның әлем бойынша 17 филиалы бар, оның ішінде Ұлыбритания, Бразилия, Қазақстан және Үндістандағы кеңселері жұмыс істейді.
Сапар барысында делегация ЕҰУ Басқарма төрағасы – Ректоры Ерлан Сыдықовпен кездесті. Кездесу барысында университет басшысы ынтымақтастықтың болашағына сенім білдіріп, қонақтарға жылы лебізін жеткізді.
Қонақтар Физика-техникалық ғылымдар институтының (ФТҒИ), Инженерлік профильді лабораториясын (ЛИП), ENU Lab және басқа да зертханалардың жұмысымен танысты.
Сапар аясындағы маңызды шара – Dr. Rajendra Prasad Joshi өткізген “Cost Effective Universal Spectroscopy and Advanced Materials in India” тақырыбындағы дәріс болды. Ол өз компаниясының негізгі жобалары мен бағыттарын таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
ФТҒИ директоры Е.Нұрмолдин мен RI Instruments & Innovation India компаниясының бас директоры Dr. R.P. Joshi өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, келесі бағыттар бойынша бірлескен жұмыстарға келісті:
- ФТҒИ базасында ғылыми-инновациялық орталық құру;
- бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;
- алынған нәтижелерді коммерцияландыру;
- 2025 жылғы қыркүйекте ФТҒИ делегациясының жауапты сапарын Үндістанда өткізу.
Қазіргі уақытта ФТҒИ зертханаларында RI Instruments & Innovation India компаниясы ұсынған модификацияланған графен оксидінің бетонның беріктік қасиеттеріне әсері бойынша зерттеулер жүргізілуде. Алғашқы нәтижелер болашағы зор екенін көрсетуде.
Аталған зерттеулерге BI Group компаниясының еншілес кәсіпорны – MODEX зауыты үлкен қызығушылық танытуда, бұл жобаның нақты өндірістік қолданысқа ие болуына мүмкіндік береді.
RI Instruments & Innovation India делегациясының сапары ЕҰУ үшін халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болды. Қол қойылған құжаттар мен келісілген бастамалар инновациялық зерттеулер мен технология трансферіне жол ашады.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ алдыңғы қатарлы компаниялармен және ғылыми орталықтармен серіктестікті жалғастырып, білім мен ғылымда ілгерілеуге ықпал етуді мақсат етеді.
