
ЕҰУ заң факультетінің студенттері Ташкенттегі Халықаралық жастар заң форумында бірінші орынды иеленді

2025 жылғы 30-31 мамырда Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заң факультетінің студенттері Өзбекстан астанасы — Ташкент қаласында, Ташкент мемлекеттік заң университетінің базасында өткен "YOSHLAW" бірінші халықаралық жастар заң форумына қатысты.
Форум Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, Орталық Азия елдерінен, ТМД, Еуропа, сондай-ақ Америка Құрама Штаттары, Қытай Халық Республикасы және басқа да мемлекеттерден келген 100-ден астам қатысушыны – студенттерді, жас заңгерлерді, зерттеушілер мен оқытушыларды біріктірді. Іс-шара құқықтың дамуындағы өзекті үрдістерді талқылауға, мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға және жастардың жаһандық құқықтық ойлауын қалыптастыруға арналған халықаралық алаңға айналды.
ЕҰУ-нің заң факультеті студенттерінен құралған команданы қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Б.У. Турегелдиевтің жетекшілігімен Қазақстан Республикасының намысын абыроймен қорғап, жоғары деңгейдегі құқықтық білімін, аналитикалық қабілеттері мен коммуникативтік дайындығын көрсетті. Форум барысында олар панельдік сессияларға, пікірсайыстарға, тақырыптық байқауларға белсене қатысып, жарыс бағдарламасының барлық кезеңінен сәтті өтіп, 20-дан астам жоғары оқу орындары арасынан құрметті бірінші орынды иеленді.
Форум бағдарламасы төмендегідей іс-шараларды қамтыды:
- Құқық саласы бойынша жастар дебат чемпионаты;
- Құқықтық дауларды шешу жөніндегі халықаралық байқау;
- Практикалық шеберлік сабақтары мен заңға қатысты воркшоптар топтамасы;
- Өзбекстан, Қазақстан, АҚШ, Қытай, Түркия және басқа елдерден келген халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен пікірталастар;
- Жас мамандар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған мәдени және экскурсиялық бағдарлама.
Форумға қатысу студенттерге кәсіби білімдерін тереңдетуге, құнды халықаралық тәжірибе алуға және түрлі құқықтық жүйелерден келген болашақ заңгерлермен академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
ЕҰУ-нің заң факультеті студенттерді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтайды, форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреді және бәсекеге қабілетті әрі креативті жаңа буын заңгерлерін қалыптастыра отырып, халықаралық белсенділікті қолдауды жалғастырады.
