
ЕҰУ мен Trento University ынтымақтастықты кеңейтуде














Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Trento University (Италия) ғылыми кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл туралы тараптар Психология және когнитивтік ғылымдар департаментінің директоры, профессор Джанлука Эспозито бастаған Trento University делегациясының сапары барысында уағдаласты. Кездесу университеттің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және басқа да сала қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
«Сіздерді Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында көргенімізге қуаныштымыз. Бізді Италияның 13 университетімен жемісті серіктестік байланыстырады. 2019 жылы ЕҰУ, Италия елшілігі және Eni компаниясы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, оның аясында біздің университетте Энрико Маттей итальяндық мәдениет орталығы жұмыс істейді. Бүгінде бұл орталықта итальян тілін оқыту курстары өткізіледі.
2024 жылдан бастап ЕҰУ Eni (Arm Wind) компаниясымен және Eni Корпоративтік университетімен бірлесіп «Green energy technologies» жаңа магистрлік бағдарламасын іске қосты.
2017 жылдан бастап Милано-Бикокка университетімен бірлесіп жыл сайын «SILKWAY» халықаралық консорциумы аясында Green Energy Management: Central Asia Edition жазғы мектебі өткізіледі.
Біз халықаралық деңгейдегі үздік ғалымдар мен зерттеушілерді тәрбиелеуге және елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», - деп атап өтті проректор.
Өз кезегінде профессор Джанлука Эспозито Trento University қызметі туралы айтып, университетте 16 мыңға жуық студент оқитынын, 25 бакалавриат бағдарламасы, 30 магистратура және 600 профессор жұмыс істейтінін атап өтті.
«Біздің серіктестік тәжірибемізді біріктіруге, жас ғалымдарды қолдауға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және бірлескен зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді делегат.
Шара соңында тараптар докторанттарды бірлесіп оқыту туралы меморандумға қол қойды.
