
Бұхара мемлекеттік университетінің оқытушылары қазіргі заманғы оқыту әдістемелерін үйрену мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де біліктілікті арттыру курсынан өтуде















1-30 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) Өзбекстандағы Бұхара мемлекеттік университетінің (БұМУ) 17 оқытушысына арналған «Ғылыми-инновациялық қызмет және қазіргі заманғы оқыту әдістемелері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары өтуде. Бағдарлама 1-8 маусым және 23-30 маусым аралығында онлайн оқытуды, ал 9-22 маусым күндері офлайн лекциялар, семинарлар мен шеберлік сабақтарын қамтиды.
Офлайн бөлімінің ашылу салтанатында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков қонақтарға сәлемдесу сөз сөйлеп, университеттің QS World University Rankings 2024 рейтингісі бойынша әлемнің үздік 400 жоғары оқу орнының қатарына кіретінін атап өтті. Ол ЕҰУ-дің оқыту сапасы мен ғылыми зерттеулердің деңгейін үнемі жетілдіруді мақсат ететінін айтып, бұл бірлескен жұмыс екі университет арасындағы ғылыми-педагогикалық байланысты нығайтады деген сенім білдірді.
«Соңғы үш жылда ЕҰУ мен БұМУ халықаралық академиялық алмасу аясында табысты екіжақты ынтымақтастық орнатып келеді. Жыл сайын ЕҰУ студенттері Бұхарада тәжірибеден өтсе, «Туризм» білім беру бағдарламасының докторанттары БұМУ ғалымдарының жетекшілігімен тағылымдамадан өтуде. Сондай-ақ оқытушылар тәжірибе алмасып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында біліктіліктерін арттыруда.
Біз бірлескен әрекеттің табысты тәжірибесін және ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға деген өзара мүдделілікті ескере отырып, БұМУ оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырдық», – деді ЕҰУ ректоры.
Салтанатты шарада факультет декандары мен департамент директорлары да сөз сөйлеп, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Шақырылған сарапшылар ғылыми жобаларды ұйымдастыру және білім беру үдерісіне инновациялық әдістемелерді енгізу бойынша ұсыныстарымен бөлісті.
Өткен аптада онлайн форматта Пенджаб университетінің (Пәкістан) және Virscend университетінің (АҚШ) профессоры Раб Наваз Лодхи «Сапалық зерттеулердегі үздік тәжірибелер» атты дәріс-семинарлар өткізді. Онда сапалық және аралас зерттеулердің заманауи әдістері, деректерді талдау тәсілдері мен жобалық шешімдердің мысалдары қарастырылды. Қатысушылар зерттеу үдерісінің негізгі кезеңдерін меңгеріп, өз жобалары үшін тиімді құралдармен танысты.
«Туризм» кафедрасының меңгерушісі және курс үйлестірушісі Ләйлі Муталиева жобаның жүзеге асуы ЕҰУ-дің халықаралық беделін арттырып, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін кеңейтетінін, шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми мақалалар мен жобалардың көбеюіне ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл екіжақты гранттық және зерттеу бағдарламаларының дамуына да жол ашады. Нәтижесінде ЕҰУ-дің ғылыми-білім беру әлеуеті артып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылады.
Бұл курс идеялармен нәтижелі алмасуға, халықаралық зерттеулерді дамытуға және бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруға арналған алаң болмақ. ЕҰУ бұл білімдер БұМУ оқытушыларына оқу үдерісіне инновациялық әдістерді енгізуге және өз университетінің ғылыми әлеуетін нығайтуға көмектесетініне сенімді.
