
ЕҰУ-да Eurasian Climate Talks жазғы мектебі аяқталды


















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Eurasian Climate Talks жазғы мектебінің жабылуы және оны бітіргені туралы қатысушыларға – студенттер мен университет оқытушыларына сертификаттар табыс етілді. Сертификаттарды ЕҰУ-дың Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов табыс етті.
Eurasian Climate Talks жазғы мектебі Қазақстандағы Германия Елшілігінің көмегімен студенттердің климаттық саясат мәселелері және ұлттық тұрғыдан анықталған үлестері туралы білімдерін тереңдету, сондай-ақ салалық компаниялардың өкілдерін тарта отырып, маңызды тақырыптар бойынша пікірталастарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Бір апта ішінде Эфиопия, Йемен, Нигерия, Бельгия, Ауғанстан, Моңғолия, Түркия, Түрікменстан және Қазақстаннан келген студенттерді қоса алғанда, 26 университет студенті қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі – климаттың өзгеруін зерттеу және оның шешімін табу бойынша тағылымдамадан өтуге бірегей мүмкіндік алды.
Жазғы мектеп барысында климатология, экономика, тұрақты даму және мемлекеттік саясат саласындағы жетекші сарапшылар дәріс оқыды. Талқыланған тақырыптар климаттың өзгеруі және Қазақстандағы жасыл энергетикаға көшу, су қауіпсіздігі, пиролизденген аралас пластик қалдықтарын экологиялық бағалау және климаттың өзгеруімен күресудің табиғи шешімдерін қамтыды.
Тренинг соңында студенттер экологиялық проблемаларды шешу бойынша жобаларын қорғады.
Жазғы мектептің қатысушылары ЕҰУ аумағында ағаш отырғызуға, сондай-ақ пластикалық бөтелкелерді жинау бойынша экологиялық акцияға қатысып, университеттің жиһаз шеберханасында болды.
Түрікменстандық студент Хемра Паррыковтың айтуынша, олар жазғы мектепте оқу барысында климаттың өзгеруі туралы көптеген пайдалы ақпарат алған.
«ЕҰУ басшылығы мен Қазақстандағы Германия елшілігінің арқасында біз алғаш рет жазғы мектепке қатысу мүмкіндігіне ие болдық, онда біз климаттың өзгеруі саласындағы білімге тереңірек үңіліп, оларды шешу жолдарымен таныстық. Спикерлердің дәрістері өте қызықты және мазмұнды болды. Менің ойымша, ЕҰУ студенттердің Орталық Азиядағы климаттық өзгерістер туралы білімдерін жетілдіруге бағытталған осындай іс-шараларды жалғастырады деп ойлаймын», - деді Паррыков.
ЕҰУ халықаралық құқық кафедрасының 4 курс студенті Назира Тынымбаева:
«Жазғы мектеп аясында өткізілген дәрістер топтамасы өте мазмұнды болды. Мен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша, мысалы, қалдықтар, парниктік газдар туралы негізгі білімімді тереңірек кеңейте алдым. Жазғы мектептің тамаша ұйымдастырылғанын да атап өткім келеді».
Айта кету керек, ЕҰУ Павлодар және Семей қалаларында осындай жазғы мектептер өткізеді.
