
Астанада ЕҰУ Геотехникалық институтының қолдауымен Топырақ механикасы және геотехникалық инженерия бойынша 17-ші Азия өңірлік конференция жұмысын бастады
Астанада ұйымдастырылған геотехника бойынша Азиялық аймақтық конференция соңғы 60 жылда Орталық Азия мен ТМД елдерінде алғаш рет өтуде. Астана – 2023 жылдың 14 – 18 тамызы аралығында Топырақ механикасы және геотехникалық инженерия – 2023 17-ші Азиялық аймақтық конференциясы өтіп жатқан ТМД-дағы бірінші қала болып отыр.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ геотехникалық институты, Қазақстан геотехникалық қауымдастығы (KGS), Халықаралық геотехникалық қауымдастығы (ISSMGE).
Конференцияға 90 елден 600-ден астам ғалымдар мен мамандар, соның ішінде Азия аймағындағы құрылыс қарқыны мен ауқымы бойынша көшбасшылар: Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Түркия, Үндістан және т.б. қатысуда.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияға қатысушыларды бейне үндеуімен құттықтап, Астанадағы форумды ұйымдастырушыларға зор алғыс білдірді және олардың Азияда ғана емес, бүкіл әлемдегі геотехникалық қауымдастыққа қосқан үлесін атап өтті.
«Қазақстан қарқынды дамып келеді және ғалымдар мен практиктерді шоғырландыру Қазақстанның жаңа астанасы - Астананың геотехникалық инфрақұрылымын шешу үшін өте маңызды. Қазақстанда ашылып жатқан белгілі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында жоғары білікті кадрларды даярлау білім беру саласындағы аса маңызды ілгерілеу болып табылады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
«Геотехника бойынша терең дәріс оқитын 30 лектор мен кәсіпқой мамандарға, осы халықаралық шараға қолдау көрсеткен демеушілерге және көрме қатысушыларына үлкен рахмет. Бұл біздің жас инженерлеріміз бен студенттеріміз үшін әлемнің үздік мамандарының соңғы жұмыстарымен танысуға тамаша мүмкіндік, өйткені бұл конференция Қазақстанда өткізіліп жатқан ең ірі халықаралық ғылыми шара», - деді Саясат Нұрбек.
Конференцияға қатысқан ЕҰУ проректоры Серік Мақыш бүгін Астанада өтіп жатқан 17-ші Азия өңірлік конференциясы оның қатысушыларына механика және геотехника саласында заманауи біліммен бөлісуге мүмкіндік беретінін және үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Өз кезегінде ISSMGE президенті Марк Баллоуз 4 негізгі іс-шараны қамтитын ағымдағы конференцияның ерекшелігін атап өтті.
«Астанада өткен Азия аймақтық конференция әлемнің түкпір-түкпірінен нағыз көрнекті геоинженерлерді жинады, осыған байланысты бұл оқиғаны халықаралық деп атауға болады. Мен 17 ARC Ұйымдастыру комитетіне осындай сәтті іс-шараны өткізуге жұмсаған қажырлы еңбегі мен үлкен күш-жігері үшін алғыс айтамын», - деді ISSMGE президенті.
Азия бойынша ISSMGE вице-президенті Кех-Джиян (Альберт) Шоу атап өткендей, ISSMGE Азия аймағында жақсы немесе қиын геотехникалық жағдайларда орналасқан 26 мүше қоғам бар. «Азия аймағындағы ISSMGE мүше қоғамдары бірлескен конференцияларда, семинарларда және вебинарларда, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда, Қиыр Шығыс елдерінде және Азия аймағының орталық бөлігінде басқа аймақтармен ынтымақтастықтың жақсы үлгісін көрсетеді», - деді ол. ISSMGE вице-президентінің айтуынша, конференция аясында Азия аймақтық техникалық комитетінің 6 сессиясы және ISSMGE ТК 2 сессиясы өтеді, онда геотехникалық машина жасау саласына айтарлықтай әсер ететін геотехникалық инженерия мәселелері талқыланып, пікір алмасу болады.
17 ARC ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ЕҰУ Геотехникалық институтының директоры және Қазақстан геотехникалық қауымдастығының президенті Асқар Жүсіпбеков 2019 жылдың қазан айында 26 азиялық геотехникалық қауымдастықтың жасырын дауыс беруімен Астана Тайваньдағы 16-шы конференция барысында Топырақ механикасы және геотехникалық инженерия бойынша 17-ші Азия аймақтық конференциясының өтетін орны болып белгіленгенін, бәсекелесі Бангкок болғанын (Тайландтық геотехникалық ассоциация) атап өтті.
«Таңдау Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Геотехникалық институтына түсуі тегін емес, өйткені Қазақстан геотехникалық қауымдастығы соңғы жылдары елімізде күрделі топырақ жағдайында мегажобаларды салуға байланысты көптеген геотехникалық мәселелерді шешті, сондай-ақ Халықаралық геотехникалық қауымдастықтың техникалық комитеті Қазақстанда және шетелде Геотехникалық қауымдастығының қызметіне байланысты халықаралық геотехникалық форумдарды ұйымдастырған белсенді ұйым болып табылады. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның ең ірі жобасы бола отырып, Астананың бүгінде Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, т.б. қалалармен тең мега қалаға айналуға толық мүмкіндігі бар», - деді Асқар Жүсіпбеков.
Конференцияның негізгі тақырыбы – «Ақылды қоғам үшін ақылды геотехника». Форум барысында заманауи геотехнологиялар мен геотехникалық қызмет түрлері бойынша бірнеше секциялар қарастырылады. Бұл мегаполистер мен жаңа астаналардың геотехникалық инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның күрделі инженерлік-геологиялық жағдайында жобалау мен құрылыс саласындағы ғылыми идеялар, жетістіктермен алмасуға жаңа серпін береді.
Конференцияның алғашқы төрт күнінде қонақтардың дәрістері мен секциялық отырыстары өтеді. Көтерілген мәселелердің қатарында ғимараттар мен құрылыстардың жер сілкінісіне және табиғи апаттарға төзімділігі, геоэнергетика, тау-кен ісі, жер асты кеңістігін игеру мәселелері, топырақты зерттеу, инженерлік-техникалық сараптама жүргізу, құрылыс және геотехникалық салалар үшін кадрлар даярлау және т.б. тақырыптар бар.
Сондай-ақ бұл күндері геотехникалық және құрылыс техникаларының көрмесі, Астана мен Алматының көрікті нысандарына техникалық экскурсиялар ұйымдастырылады.
Конференция қорытындысы бойынша қазақстандық және шетелдік сарапшылар Азия елдерінің инфрақұрылымын дамыту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлейді.
Айта кетейік, ЕҰУ Халықаралық геотехникалық қауымдастықтың (ISSMGE) және Қазақстан геотехникалық қауымдастығының (KGS) корпоративтік мүшесі болып табылады.
Астана геотехника бойынша Азия аймақтық конференцияларды өткізу эстафетасын жалғастыруда (Нью-Дели 1960, Токио 1963, Хайфа 1967, Бангкок 1971, Бангалор 1975, Сингапур 1979, Хайфа 1983 Киото 1987, Бангкок 1991, Пекин 1995, Сеул 1999, Сингапур 2003, Калькутта 2007, Гонконг 2011, Фукуока 2015, Тайпэй 2019).
