
ЕҰУ доценті Семейде «Абай жолы 100 миль» ультрамарафонын ұйымдастырды

Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасының доценті, «Ел спорт» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Салықжанов Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен «Абай жолы 100 миль» ультрамарафонын өткізді. Ұлттық спорт тарихында алғаш рет жүгірушілер «Семей - Бөрілі» мен «Семей - Жидебай» арасындағы марафондық қашықтықты еңсерді.

Ультрамарафонға еліміздің әр өңірінен спортшылар қатысты, оның ішінде ЕҰУ қызметкері Кеңесхан Төлеуханов «Семей-Бөрілі» бағыты бойынша 50 миль/80 шақырым қашықтықты бағындырды.
«Ультрамарафон Семей қаласындағы «ABAI» халықаралық әуежайының алаңынан басталып, Жидебай шатқалындағы Абай Құнанбаев мұражай - үйінің жанында аяқталды. Марафоншылар 12 сағат ішінде 50 миль/ 80 шақырым қашықтықты және 24 сағат ішінде 100 миль / 160 шақырымды басып өтті. Жарысқа қатысуға әр аймақтан 100-ден астам жүгірушіден өтініш түскен болатын. Бірақ, Қытай мен Ресейден және елімізден 20 жүгірушіге ғана мүмкіндік берілді. Әр қатысушы мүмкіндіктерді, спорттық әдеттерді ескере отырып, қашықтықты таңдап, төзімділік пен жеңіске деген ұмтылысты көрсетті. Барлық жүгірушілердің тәжірибесі бар, олар әуесқойлар үшін ұйымдастырылған бірнеше рет жарысқа қатысқан», - деп атап өтті “El Sport” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Бірінші болып Асқар Жаңабергенов 50 миль / 80 шақырым қашықтықта аяқтады. Оның уақыты 6 сағат 23 минутты құрайды. Сондай-ақ, осы қашықтықта Манат Амет 6 сағат 34 минуттың нәтижесімен екінші орын алды, Еркебұлан Ахмадиев 7 сағат 46 минуттың нәтижесімен үздік үштікті аяқтады.
«Семей-Жидебай» 100 миль/160 шақырым қашықтықты Аман Нұркелді 15 сағат 32 минутта бағындырып, үздік нәтиже көрсетті, ал бұл қашықтықтағы екінші орынды Әсет Төлтебаев, үшінші орынды Әкім Еркебай иеленді.
Ауқымды спорттық жарыс аяқталғаннан кейін барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
