
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөзімен ЕҰУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардак Бейсенбай ашып, түлектерге ізгі тілегін білдірді.
Биылғы жылы бұл рәсім халықаралық деңгейге ие болды. Іс-шараға Палестина мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстандағы дипломатиялық корпус дуайені, доктор Монтасер Абу Зейд, Ирак Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Джабер Нажм Абдуллах Аль-Темими, Корея Республикасы Елшілігінің әскери атташесі, 2-дәрежелі капитан Ким Чжонгхэ және Ирак Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Консул-өкілі Тамер Аднан Фархан Аль-Ахмеди қатысты.
Сонымен бірге, Шығыстану білім беру бағдарламасының түлектеріне дипломды Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаев, ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры Қайыркен Тұрсынхан табыстады.
Сондай-ақ, ЕҰУ әскери кафедра басшысының орынбасары, полковник Асхат Умаров түлектерді құттықтап, оларға запастағы лейтенант әскери атағын берді.
Бұл рәсім студенттер мен оқытушылар үшін ғана емес, сонымен қатар дипломатиялық қауымдастық үшін де маңызды оқиға болды, өйткені көптеген түлектер шетелдік мемлекеттердің өкілдері болып табылады. Шетелдік мәртебелі қонақтардың қатысуы білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетті және университеттің жаһандық білім беру алаңы ретіндегі мәртебесін күшейтті.
Дипломаттар өз сөздерінде профессорлық-оқытушылық құрамға алғыстарын білдіріп, студенттерді құттықтап, елдер арасындағы гуманитарлық, ғылыми және мәдени байланыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Палестина мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстандағы дипломатиялық корпус Дуайені, доктор Монтасер Абу Зейд халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаевқа және Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гүлнара Биримкуловаға ризашылығын білдірді.
Құрмет грамотасын тапсыру кезінде доктор Монтасер Абу Зейд Шығыстану кафедрасының ғылым мен білім саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Ирак Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі, доктор Джабер Нажм Абдуллах Аль-Темими де өз сөзінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің Шығыстану кафедрасына елдер арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, кафедраның халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтіп, болашақта әріптестіктің одан әрі тереңдей түсетініне үміт білдірді.
Салтанатты шара студенттік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.
Түлектерімізге жарқын болашақ, кәсіби табыстар мен биік белестер тілейміз!
