
ЕҰУ-да Ермек Әбдірасылов пен Томас Гросстың «Сот билігінің тәуелсіздігі. Қазақстан мен Германияның сот жүйелерін салыстырмалы зерттеу» кітабының тұсаукесері өтті






Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ профессоры Ермек Әбдірасылов пен Еуропалық құқықтық зерттеулер институтының профессоры Томас Гросстың «Сот билігінің тәуелсіздігі. Қазақстан мен Германияның сот жүйелерін салыстырмалы зерттеу» кітабының таныстырылым өтті. Кітап орыс және неміс тілдерінде жарық көрген және Қазақстан мен Германияның сот жүйелерін салыстырмалы түрде зерттеген бірегей ғылыми еңбек болып табылады. Тұсаукесер аралас – онлайн және офлайн форматта өтті.
Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, Парламент депутаттары, ҚР Конституциялық Сотының және жалпы юрисдикция соттарының судьялары, ғылыми-білім беру мекемелерінің басшылары, жетекші отандық ғалымдар, сондай-ақ Германиядан келген зерттеушілер мен практиктер қатысты.
Таныстырылым барысында ЕҰУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай, Оснабрюк Жер сотының президенті Томас Фин (Германия), Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева, Оснабрюк университетінің Еуропалық құқықтық зерттеулер институтының директоры Ханс Шульте-Нольке және басқалар құттықтау сөз сөйледі..
Кітап авторы Ермек Әбдірасылов өз сөзін былай түйіндеді:
«Кітап жазу барысында біз зерттеу жүргізіп, сот билігінің өкілдерімен кездесіп, судьялармен сөйлесіп, Германияның сот жүйесімен толығырақ таныса алдық. Біз объективтілікті сақтауға тырыстық: идеализациялау немесе сынау емес, нақты ерекшеліктер мен айырмашылықтарды көрсету. Сіздің бүгінгі қатысуыңыз және кітапқа деген қызығушылығыңыз біз үшін ерекше маңызды. Бұл елдер арасындағы ашық диалог пен тәжірибе алмасудың құндылығын дәлелдейді».
Өз кезегінде сөз алған Томас Фин:
«Біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі баспа жүзінде шыққанын көру өте жақсы әрі қуаныш. Біздің ынтымақтастығымыздың арқасында мен Қазақстанмен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Бүгін мен сіздермен тек виртуалды түрде қатысамын, алайда біздің жұмыс барысында Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге жеткен трансформация процесі туралы көп білдім. Кітап нақты құрылымымен, лингвистикалық пысықтаудың жоғары деңгейімен және мазмұнның өзектілігімен ерекшеленетінін атап өткім келеді. Мен оны мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, кең аудиторияға жариялауға және оқуға ұсынамын», - деп атап өтті.
Кітап екі елдің, Қазақстан мен Германияның сот жүйелерін салыстырмалы түрде зерттеу болып табылады. Онда соттардың қалай тәуелсіз жұмыс істейтіні, адамдардың құқықтарын қалай қорғап, әділеттілікті қамтамасыз ететіні маңызды мәселелер қарастырылған. Жоба екі елдің ғалымдары мен заңгерлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға көмектеседі.
