![Loading...](/_nuxt/light-blue.e889c4fb.gif)
ЕҰУ-да қазақстандық ЖОО басшылары мен сала жетекшілері білім алды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде отандық жоғары оқу орындарының ректорлары, проректорлары, декандары мен департамент директорлары үшін «Талантты басқару» модулі бойынша оқыту бағдарламасы өтті. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының топ-менеджерлері тиімді басқаруға арнайы оқытылды.
Шара Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Назарбаев университетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл курс тез өзгеретін ортадағы өзгерістерді басқару дағдыларына ие жоғары кәсіби және тиімді басқару топтарын құруға және кеңейтуге бағытталған.
Курс тыңдаушыларын ЕҰУ-дың Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов қарсы алып, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Назарбаев Университеті ұжымына отандық жоғары оқу орындарының топ-менеджментінің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі кездесу өзекті жаһандық проблемалардың бірі – таланттарды басқаруға арналған. Бұл тақырып біздің елде де өзекті. Қазіргі заманда таланттар үшін күрес жүріп жатқаны белгілі. Мұнда кім жеңсе, сол жеңіске жетеді. Біздің міндетіміз – бұл бәсекеден қалыс қалмау.
Біздің университетте «Талантты басқару» модулінің өтуі кездейсоқ емес. Расында да, оқу орнының әуел бастан-ақ дарындарды жинап, оларға жағдай жасау басты мақсаттарының бірі болды. Дарынды оқытушылар, дарынды студенттер, дарынды менеджерлер жетекші университеттің кепілі екенін жақсы түсіндік», - деді ЕҰУ проректоры.
Сондай-ақ ол бүгінгі бағдарлама осы тақырыпқа заманауи көзқарас, таланттарды басқарудағы соңғы әдістер мен құралдарды пайдалануға арналғанын қосты.
«Сонымен қатар таланттармен жұмыс жасаудың отандық және шетелдік тәжірибесімен танысу маңызды. Бағдарлама осы бағыттағы жұмысымыздың жүйелі жүргізілуіне, оның нәтижелі болуына септігін тигізетініне сенімдімін», - деп түйіндеді сөзін Д.Айтмағамбетов.
Тренинг курсының негізгі спикерлерінің бірі MBTI, WAVE және DISC сертификатталған тренері, профессор, Нидерланды бизнес академиясының ректоры Ян ван Цвитен болды, ол тыңдаушылармен таланттарды басқару саласындағы тәжірибесі және білімімен бөлісті. Оның айтуынша, Нидерландыда таланттарды басқару жүйесі Голландия университеттеріндегі студенттердің шамамен 45 пайызы жастар, 30 пайызы шетелдік студенттер, қалғандары 30-55 жас аралығындағы ересектер.
«Осы факторды ескере отырып, біз менеджменттің жаңа түрін зерттей бастадық, бұл мұғалімдердің, әкімшіліктің және басқарманың көзқарасын өзгертті. Дарындылықты басқару – персонал әлеуетін таңдау, бағалау және дамытудың кешенді тәсілі. Дарындылықты басқарудың мақсаты – білім мен дағдыларды тиімді қолдана алатын қызметкердің дамуы мен өсуі үшін қолайлы жағдай жасау.
Қазақстанда, менің ойымша, жағдай біршама басқаша. Статистика көрсеткендей, сіздердің елде және басқа да елдерде студенттердің көпшілігі PhD докторантурада оқуын жалғастырады және ғылым жолына түсіп, ғылыми мақалалар жазады, бірақ кәсіби дамуы үшін уақыт жоғалтады. Нидерландыда бәрі керісінше. Студенттердің басым көпшілігі алған білімдерін іс жүзінде қолдана отырып, кәсіби салада дамып, кәсіпорынға жұмысқа барып, тәжірибе жинақтап, бір пайызы ғана PhD докторантураға түседі. Және бұл жақсы нәтиже береді. Осыған байланысты, менің ойымша, сіздердің университеттеріңізде бұл факторды кәсіби дамуға бет бұру үшін өзгерту қажет», - деді Ян ван Цвитен.
Семинарға бейнебайланыс арқылы QS Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Сергей Христолюбов қосылды. Ол таланттарды басқару саласындағы жағдайға талдау жүргізді.
«Біздің миссиямыз – дүние жүзіндегі ынталы адамдарға халықаралық ұтқырлықты, білім берудегі жетістіктерді және мансаптық өсуді қолдау арқылы өз әлеуетін жүзеге асыруға көмектесу», - деді Сергей Христолюбов. Басымдықтар ретінде спикер қажеттіліктерді бағалауды, бар адам ресурстарын басқаруды және жетекші оқытушылар мен қызметкерлерді тартуды атап өтті.
Таланттарды басқару әдістері мен басқару құралдарын ұсынатын «Талантты басқару» модулі бойынша оқыту бағдарламасы аясында курс тыңдаушылары барған сайын күрделі және серпінді ортада университеттерді тиімді басқаруға қажетті білім, дағдылар мен инновациялық технологияларды ала білді.
Шараға қатысушылардың айтуынша, еліміздің жетекші университеті – ЕҰУ қабырғасында өткен семинар персоналды басқару және бұл мәселеде тың шешімдер іздеу тұрғысынан өте пайдалы болды.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев атап өткендей, жоғары оқу орындарының топ-менеджментін дайындау және біліктілігін арттыру мәселесі қазіргі уақытта өзекті болып отыр.
«Университет басшылары үшін бұл оқыту курсын өткізу уақтылы және қажет деп санаймын. Бұл курста біз әріптестерімізден, Басқару стратегиясы бойынша шақырылған шетелдік спикерлерден, болып жатқан барлық өзгерістер, тәуекел-менеджмент, маркетинг және т.б. бойынша көп нәрсені білдік.
Курс бағдарламасы өте мазмұнды әрі қызықты болды. Біз осында қатысып, жаңа бір нәрсе алып, өз көзқарасымызбен бөлісуге қуаныштымыз, мен іс-шараны ұйымдастырушыларға – Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Назарбаев Университетіне және ЕҰУ-ға семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін», - деді М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Айнаш Құдышева атап өткендей, бүгінде өңірлік жоғары оқу орындары үшін таланттарды басқару, дарынды жастар мен мамандарды жұмысқа тарту мәселесі өткір тұр.
«Университет жұмысында адам ресурстары ең маңызды және бұл аймақтық университеттер үшін өте өзекті тақырып. Өйткені біз шетелде білім алған, бірнеше тілді меңгерген талантты, өз саласының майталман мамандарын тартуға мүдделіміз, бірақ белгілі бір мәселе бар. Өзіміз білетіндей, жастар жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін Астана, Алматы қалаларына кетуге бейім. Әрине, біз жас және талантты мамандарды тарту және ұстап қалу үшін әртүрлі құралдарды қолданамыз, бірақ бұл жұмыс әлі жүзеге асырылмағанын мойындауымыз керек. Сондықтан мен бүгін дарынды мамандарды тарту технологияларын және осы мәселені шешудің кейбір негізгі мүмкіндіктерін естігім келеді. Мен үшін оқу ісі жөніндегі проректор ретінде дүниетанымы кең, ізденімпаз, жаңа білімге ұмтылатын, студенттермен жұмыс істеуді қалайтын үздік оқытушыларды тарту маңызды», - деді ОҚО мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры.
Оқыту семинарының жұмысы сұрақ-жауап форматында әртүрлі тақырыптар бойынша бес секциялық отырыста өткізілді: «Таланттарды басқару жүйесін енгізудегі шетелдік университеттердің тәжірибесі»; «Халықаралық білім кеңістігінде дарындылармен жұмыс»; «Назарбаев Университетінің мысалында таланттарды басқару»; «Талантты басқару Қазақстандағы кадр тәжірибесі ретінде». Нәтижесі жоғары оқу орындарының көшбасшылары кездесетін түрлі қиындықтар мен мүмкіндіктерді зерттейтін практикалық сессия болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорларына, проректорларына, декандары мен департамент директорларына таланттарды басқару жүйесін енгізу және халықаралық білім кеңістігінде дарындылармен жұмыс жасаудағы шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда кадр тәжірибесі ретінде тиімді басқарудың әдістері және құралдарымен танысуға кең жол ашады.