
ЕҰУ Impact Rankings 2025 әлемдік рейтингінде өз позициясын нығайтты



Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (SDGs) қол жеткізудегі университеттердің үлесін бағалайтын беделді Times Higher Education Impact Rankings 2025 әлемдік рейтингінде өз орны мен тұрақтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
2025 жылы рейтингке 100-ден астам елден 2318 университет қатысып, бұл Impact Rankings тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Ғаламдық бәсекелестік күшейген жағдайда ЕҰУ 1001–1500 орын аралығындағы топта өз позициясын сақтап қалып, университеттің тұрақтылық қағидаттарын жүйелі түрде енгізіп жатқанын көрсетті.
Университет Тұрақты даму мақсаттарының 17-нің ішінен 9-ына қатысып, келесі бағыттарды қамтыды:
- 1-мақсат - Кедейлікті жою;
- 3-мақсат - Денсаулық және әл-ауқат;
- 4-мақсат - Сапалы білім;
- 8-мақсат - Лайықты жұмыс және экономикалық өсу;
- 9-мақсат - Индустрия, инновация және инфрақұрылым;
- 10-мақсат - Теңсіздікті азайту;
- 11-мақсат - Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар;
- 16-мақсат - Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар;
- 17-мақсат - Мақсаттарға жету үшін серіктестік.
ЕҰУ келесі бағыттар бойынша ең жоғары нәтижелер көрсетті:
- «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» (8-мақсат) - 601–800 орын аралығы;
- «Теңсіздікті азайту» (10-мақсат) және «Бейбітшілік, әділет және тиімді институттар» (16-мақсат) - 601–800 тобына енді, бұл университеттің әлеуметтік бағыттылығы мен құқықтық, этикалық дамуға қосқан үлесін көрсетеді.
Impact Rankings рейтингіне қатысу - бұл ЕҰУ-дың тұрақты даму, ғылыми ілгерілеу, инклюзия және серіктестік бағытындағы күш-жігерінің мойындалуы. Университет жаһандық білім беру кеңістігіндегі белсенді қатысушы ретіндегі рөлін нығайтып, тұрақты болашақ құруға өз үлесін қоса береді.
