
ЕҰУ онлайн оқыту департаменті далалық археология бойынша ЖАОК құру мақсатында Абай облысындағы археологиялық қазбаларда бейнетүсірілім жүргізді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Онлайн оқыту департаментінің қызметкерлері Абай облысы Тоқтамыс ауылына археологиялық қазба жұмыстары кезінде бейнетүсірілім жүргізу мақсатында іссапармен барды. Бұл экспедиция барысында алынған материалдар «Далалық археология» пәні бойынша тәжірибеге бағытталған жаппай ашық онлайн курсты (МООК) әзірлеуге пайдаланылады.
Бұл – департамент ұжымының «Археология» кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевтің шақыртуымен барған алғашқы далалық зерттеулерге қатысу тәжірибесі. Түсірілім жұмыстары ерте қола дәуірінің маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірінде жұмыс істеп жатқан ЕҰУ археологтарымен тығыз ынтымақтастықта өтті. Бейнетүсірілім барысында қазба жұмыстарының кезеңдері, табылған артефакттермен жұмыс істеу процесі, археологиялық деректерді тіркеу әдістемесі , сондай-ақ экспедиция жетекшілері мен қатысушыларының, оның ішінде Кембридж университеті мен Британ музейінен келген қонақтардың сұхбаттары жазылып алынды.
«Далалық археология» пәні бойынша ЖАОК әзірлеу ЕҰУ студенттерін заманауи оқу контентімен қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар бірегей материалдарды қызығушылық танытқан кең аудиторияға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл – ғылым, тәжірибе және цифрлық білім беру технологияларын интеграциялау бағытындағы маңызды қадам.
Онлайн оқыту департаментінің қызметкерлері әріптес археологтарға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіреді және мұндай тәжірибе білім беру ресурстарының сапасы мен шынайылығын арттыруда үлкен маңызға ие екенін атап өтеді.
