
ЕҰУ – Жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша әлемдегі үздік 100 университет қатарына енді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық беделін сенімді түрде нығайта түсуде. QS World University Rankings 2025 жаһандық рейтингінің қорытындысы бойынша ЕҰУ әлемде 317-орынды иеленіп, халықаралық академиялық ортада орнықты өсім мен серпінді дамуды көрсетті.
ЕҰУ-дың «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына енуі – ерекше мақтаныш. Бұл – университет тарихында рейтингке қатысу кезіндегі ең жоғары жетістік және ЕҰУ қабырғасында даярланған мамандардың еңбек нарығының ең жоғары талаптарына толық сай келетінінің дәлелі.
Табыстың сыры: тәжірибеден – мансаптық шыңдарға дейін
Университеттің жоғары жетістіктерге жетуі – бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс пен жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі. ЕҰУ құрылымында кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, студенттер мен түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ жетекші компаниялармен және мемлекеттік органдармен серіктестікті дамыту бағытында табысты қызмет етіп келе жатқан Карьера және бизнес-әріптестік бөлімі жұмыс істейді.
Университет бизнестің және сыртқы стейкхолдерлердің қатысуымен жүйелі ынтымақтастық стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді: серіктестік туралы келісімдер жасалады, бірлескен білім беру және ғылыми жобалар іске асырылады, тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибе ұйымдастырылады. Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, құзыреттерді қалыптастыруға және дипломдық жұмыстарды сараптауға белсенді қатысады.
Бүгінгі таңда кәсіби тәжірибе өткізу бойынша 1300-ден астам келісімшарт жасалған, олардың көпшілігі кейінгі жұмысқа орналасуды қарастырады. Соңғы жылдардағы түлектерді жұмысқа орналастыру деңгейі тұрақты түрде жоғары: 2022 және 2023 жылдары – 89%, 2024 жылы – 81%.
Түлектер – ЕҰУ-дың басты мақтанышы
1996 жылдан бері Еуразия ұлттық университеті 94 300-ден астам маман даярлады. Олар Қазақстанда да, шетелде де табысты еңбек етуде. Олардың қатарында министрлер, мемлекет қайраткерлері, ірі компаниялардың басшылары, әлемге танымал ғалымдар, мәдениет және бизнес өкілдері бар. Олардың кәсіби жетістіктері – ЕҰУ-дағы білімнің сапасының айқын дәлелі.
«Tulek» түлектер қауымдастығы университет түлектерінің белсенді қоғамдастығын дамытуда. Университеттің 20 жылдығына орай 100 үздік түлек туралы журнал жарық көрді.
Бүгінде университеттің 30 жылдығына арналған журналдың жаңа шығарылымы және «Дәрісханадан көшбасшылыққа: ЕҰУ түлектері және олардың ел дамуына қосқан үлесі (1996–2025 жж.)» атты ауқымды зерттеу әзірленуде.
Мансап баспалдақтары және табыстың амбассадорлары
Түлектер қауымдастығы студенттер үшін шеберлік сабақтарын, кездесулер мен тренингтерді тұрақты түрде ұйымдастырады, ENU Lider Podcast арнасында сұхбаттар жариялайды, сондай-ақ жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жанашырларды жинайтын ашық форматтағы Слет өткізеді.
2023 жылдан бастап «ENU Alumni Ambassador» құрметті атағы тағайындалып келеді. Бүгінде бұл атақты 70-ке жуық түлек иеленді. Олар alma mater-ді белсенді қолдап қана қоймай, университеттің стратегиялық бастамаларына қатысып, Директорлар кеңесіне, Қамқоршылық кеңесіне және жұмыс топтарына мүше болып, университеттің болашағын қалыптастыруға атсалысуда.
Салалардың көшбасшыларымен серіктестік
Университеттің серіктестері қатарында ұлттық және халықаралық жетекші компаниялар мен ұйымдар бар: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомпром» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Қазақстан электр энергиясы мен қуатының нарықтық операторы» АҚ, «Қазгеология» АҚ, «Teach for Qazaqstan» ҚҚ, QSamruk.kz, BI Group, Ernst & Young, KPMG, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ және т.б.
Ұйымдар базасында 76 кафедра филиалы жұмыс істейді, онда студенттер кәсіби ортада сұранысқа ие тәжірибелік білім мен дағдыларды меңгереді.
Университет пен бизнес арасындағы диалогты нығайту мақсатында Жұмыс берушілер кеңесі құрылды – бұл жоғары білікті мамандарды даярлау мәселелері бойынша бірлескен шешімдер қабылдауға арналған тиімді алаң.
ЕҰУ: Болашаққа көзқарас
ЕҰУ еңбек нарығында университеттің танымалдылығын арттыру стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда. QS сияқты халықаралық рейтингтердегі жоғары орындар университетте мамандардың сапалы даярланатынын және түлектердің Қазақстан мен шетелде сұранысқа ие екенін дәлелдейді.
Жыл өткен сайын университет тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар жаңа көшбасшылар тәрбиеленетін және табысты мансаптар бастау алатын алаңға айналуда.
