
Бес жыл ішінде ЕҰУ Абай академиясы 90 ғылыми-танымдық кітап шығарды











2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың мұрасын зерделеп, насихаттау мақсатында Абай академиясының ғылыми-зерттеу институты ашылды. Абай академиясының ғылыми-зерттеу институты аясында Абай шығармашылығын зерделеп, түсінуге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіліп, еңбектер жарияланды және конференциялар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Академияның ғылыми бағыты – жаңа Қазақстанның рухани, мәдени және интеллектуалдық дамуымен сабақтастықта Абай мұрасын зерттеу, зерделеу және насихаттау. Абай академиясы еліміздегі абайтану орталықтарымен шығармашылық байланыстарды жандандырып, бірлескен жұмыстарды жүйелеу бағытында жұмыстар атқаруда. Алдағы уақытта – шетелдегі абайтану орталықтарымен жұмысты үйлестіре түспек.
«Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі академик, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір.
Ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбаев мұрасына байланысты гуманитарлық және мәдениет саласындағы зерттеулерге маманданған. Қазіргі таңда абайтану саласында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың ерекшелігі мен ауқымдылығын осы уақытқа дейін, яғни 5 жылдан астам уақыт ішінде «Абай академиясының» арнайы сериялар бойынша 90 ғылыми және оқу-әдістемелік кітаптар әзірлеп, басып шығаруы дәлелдейді.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, арнайы жобалар аясында әзірленген 23 ғылыми басылым Абай академиясында таныстырылды. Бұл басылымдар «Абай академиясы» арнайы сериясы деп аталды.
2021 жылы Абай мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында Академия Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы негізінде «Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» және «Қазіргі заманғы Қазақстан және Абай Құнанбайұлы» атты екі кешенді жобаны жүзеге асырды.
2021 жылы «Абайдың шығармашылық мұрасының тарихи-этнографиялық контексі», «Абай тілі және қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абайдың экономикалық көзқарастары мен қазақ халқының шаруашылық құрылымы», «Абай мұрасы және түркі әлемінің өркениеттік негіздері» атты арнайы серия бойынша 24 ғылыми-танымдық кітап әзірленді.
2022 жылы Академия «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» жобасын жүзеге асырды. Жобаның мақсаты – интеллектуалды және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы Абай мұрасының маңызы туралы әлеуметтік-сараптамалық зерттеулерді жалғастыру.
Академия 2023 жылы арнайы сериядағы 12 ғылыми-танымдық кітапты, 2024 жылы белгілі ғалымдар, зерттеушілер мен жас ғалымдар жазған 6 ғылыми-танымдық кітаптарды әзірлеп, басып шығарды.
5 жылдың ішінде жоғарыда аталған арнайы сериялар жарыққа шыққан еңбектер авторлары Е.Сыдықов, Ж.Дәдебаев, Ш.Ибраев, Д. Ысқақұлы, С.Негимов, Т.Жұртбай, Т.Шапай, Қ.Мәдібаева, С.Ананьева, Ж.Аймұхамбет, А.Кемелбай, Ж. Әубәкір, Қ. Төреәлі, Г.Мұратова, А.Доғалов, Ы.Палтөре, Б.Қорғанбеков, М.Алпысбес, Қ.Бибеков, Е.Тілешов, С.Қорабай, А.Кеңшілікұлы, Қ.Батталов, Ә.Қайшатаева, А.Смағұлова, Қ. Кемеңгер, С. Жұмағұл, Ұ. Үмітқалиев, Г. Құрманғалиева, А.Асқарова, А.Қалиева, Б. Арықбаев, Л. Демесінова сияқты белгілі абайтанушылар, ғалым-зерттеушілер болып табылады.
Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына талдау жүргізу арқылы жаһандану дәуіріндегі қоғамның даму үрдісімен бірлікте заманауи мультимедиялық технологияларды қолдана отырып «Толық адам» ғылыми-танымдық кешенінің контенті дайындалды.
Зерттеуді жүзеге асыру нәтижелері бойынша «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені 24/7 онлайн режимінде; Ақын қарасөздерінің аудиоқоры; «Толық адам» концепциясы бойынша Абай шығармаларының бейнеқоры; «Толық адам» бағыты бойынша ғылыми-танымдық мақалалар топтамасы; Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек тақырыбындағы ақынның даналық сөздерінің жиынтығы; Көрнекті абайтанушы ғалымдардың академиялық бейнедәрістер топтамасы; Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы бойынша онлайн кітапханасы әзірленді.
Әлеуметтік-танымдық кейс әдісінің басты критерийлерін негізге ала отырып, Абай Құнанбайұлы шығармашылығының мұраты мен мүддесі бүгінгі қоғамның өзекті мәселелермен үндес екендігін, Абайды ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор және ұлы ақынның мұрасын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына таныту мақсатында ақын шығармалары бойынша әлеуметтік-танымдық кейс әзірленді.
Мұндай жаңаша форматтағы зерттеулер Абайдың шығармашылық мұрасын қазіргі Қазақстанның елдік мұратының темірқазығы, саналы, интеллектуалды ұлт болудың мәдени капиталы ретінде таныту, ақынның даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстанымызды іздеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек негізінде насихаттауға мүмкіндік береді.
Академияның ғалымдары мен қызметкерлері еліміздегі түрлі деңгейдегі оқу орындарын аралап, кездесулер өткізіп, дәрістер оқуда. Мақсат – Абай мұрасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.
Халықаралық байланыстарды дамыту мақсатында Абай академиясы Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының (Өзбекстан) қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, сонымен қатар Қазан университетінде (Татарстан) Абай Құнанбайұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті орталығы ашылды.
Бүгінгі таңда Абай мұрасын ұлттың мәдени астанасы ретінде кеңінен насихаттау – маңызды да өзекті міндеттердің бірі. Осыған орай «Абай – әлем мәдениетінің тұлғасы» тақырыбында шетелдік және республикалық ғылыми журналдар мен мерзімді басылымдарда 50-ге жуық мақалалар жарияланған. 2022 жылдан 2025 жылға дейін Web of Science дерекқорының алғашқы үш квартиліне (Q1, Q2, Q3) кіретін және Scopus дерекқорында CiteScore индексі кемінде 50 болатын рецензияланатын ғылыми журналдарда 3 мақала жарияланды. Оның бірі Абайдың Қазақстан тарихындағы рөліне тікелей арналған. («Абай Алаш мұраларында». Сыни шолу. 36-том, № 4. Қыс 2024 жыл. 87-100 б. DOI: https://doi.org/10.3167/cs.2024.360408).
2025 жылы күні бүгінге дейінгі абайтану саласында жеткен жетістіктер мен нақты нәтижелерді саралай отырып, абайтанушы ғалымдар жөніндегі үлкен сараптамалық еңбекті дайындау үстінде.
Еліміздегі және шетелдегі «Абай» орталықтарымен біріккен шаралар ұйымдастырылады. Биылғы жылы әлемнің әр түкпіріндегі «АBAI UII» мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс жандана түспек.
Ұлы Абайдың қара сөздері ішіндегі терең ойлары мен философиялық түйіндері іріктелген, еліміздегі белгілі қыл қалам шеберлерінің Абайға, қазақ қоғамына қатысты суреттері қоса берілген «Абай даналығы» атты альбом-кітап енді тек тек қазақ тілінде ғана емес, қазақ және түрік, қазақ және орыс, ағылшын тілдерінде жарыққа шықпақ. Осы альбомның таныстырылымын елімізде ғана емес, өзге де мемлекеттерде өткізбекші.
Абай академиясы «ABAI» телеарнасымен бірлесе отырып, Абаймен байланысты тарихи орындар туралы арнайы жоба дайындап, «Абай академиясы» сериясында жарияланған ғылыми-танымдық еңбектердегі Хакім мұрасын зерттейтін ғалымдардың дәрістерін қазақстандықтарды таныстыруды қолға алды.
«Адамзаттың Абайы» халықаралық конференция жоспарда тұр.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған симпозиум, дөңгелек үстелдер, түрлі іс-шараларға қатысу және ұйымдастырылады.
