
ЕҰУ-2025 қабылдау комиссиясы: мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды















13 шілде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанда мемлекеттік білім беру грантын тағайындау бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдауды бастады. Құжаттар 20 шілдеге дейін қабылданады. Білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
2025–2026 оқу жылына арналған бакалавриатқа түсу бойынша 77 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Ең көп грант саны инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына – 22.205 грант, педагогикалық ғылымдарға - 15.501, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға - 13.578, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыттарына - 10.769 грант бөлінді.
Еуразия ұлттық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мемлекеттік грантқа құжат тапсыруға келген ата-аналарды құттықтап, талапкерлерге ақ жол тіледі.
«Балаларыңыздың мектеп бітіруімен шын жүректен құттықтаймын, олар жаңа өмірге қадам басты. Сол қадамдары Еуразия ұлттық университетінен басталғалы тұр, қадамдары оң болып, әр күндері қуанышқа толы және грант сертификатына ие болсын. Біз әрқайсыңызды ЕҰУ-да күтеміз. Еуразия ұлттық университеті сіздердің балаларыңыз үшін барлық жағдай жасайды деген сенімдемін», - деп атап өтті проректор.
Ұлттық жоғары оқу орындарына грантқа үміткер болу үшін талапкерлер ҰБТ-дан кемінде 65 балл жинауы қажет, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл. Сонымен қатар, жекелеген білім беру бағыттары бойынша шекті балдар келесідей:
«Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» - кемінде 75 балл;
«Денсаулық сақтау» - кемінде 70 балл;
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» - кемінде 60 балл.
Биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындауға арналған конкурсқа құжат қабылдау 2025 жылғы 13–20 шілде аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы немесе Электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы тапсыруға болады. Алыс өңірлерден келген талапкерлер үшін жоғары оқу орындарында бейнебайланыс арқылы кеңес беру және құжат қабылдау мақсатында виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейтін болады. Құжаттарды кез келген ЖОО-да (орналасқан жеріне қарамастан) тапсыруға болады.
Талапкерлер конкурсқа 2025 жылғы 16 мамыр мен 10 шілде аралығында тапсырылған ҰБТ нәтижелерінің біреуімен қатыса алады.
Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін қажетті құжаттар:
1.Талапкердің және оның заңды өкілінің/сенім білдірілген тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;
2.18 жасқа толмаған талапкерлер үшін туу туралы куәлік;
3.ҰБТ сертификаты;
4.Арнаулы және (немесе) шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін ведомостан үзінді;
5.Артықшылықты құқықты/квотаны/жеңілдікті растайтын құжаттар;
6.Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) – талапкердің (18 жастан жоғары) немесе заңды өкілінің (eGov арқылы өтініш берген жағдайда).
Егер талапкер «Алтын белгі» иегері болса немесе патриоттық және белсенді азаматтық ұстанымы үшін марапатталған болса, ол балдары тең болған жағдайда артықшылықты құқыққа ие. Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары да осындай құқыққа ие.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін бөлінетін білім беру гранттарының саны артты. Атап айтқанда, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған отбасылардың балаларына – жалпы грант санының 5%-ы; үш жылдан астам уақыт бойы толық емес отбасы мәртебесіне ие отбасылардан шыққан балаларға – 2%; І және ІІ топтағы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балаларына – 2% білім беру гранты көзделген. Сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 1%; І және ІІ топ мүгедектері, бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар үшін – 2% грант қарастырылған. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдеріне (қандастарға) жыл сайын 4% грант бөлінеді. Биыл алғаш рет әскери қызметті мерзімді әскери борышын өтеу арқылы толық аяқтаған Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 2,5% көлемінде арнайы квота енгізілді.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсы аясында:
Бейіндік пәндерінің комбинациясына байланысты 4 білім беру бағдарламалары топтарынан таңдау жасауға болады;
Таңдалған білім беру бағдарламалары топтары жүзеге асырылатын 4 жоғары оқу орнын көрсетуге болады.
Қабылдау комиссиясынан талапкерлер мен техникалық хатшыларды ғана емес, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушыларды да кездестіруге болады. Олар өздерінің факультетін таңдаған талапкерлерге толық ақпарат беріп, мамандық таңдауда қателеспеуге кеңестерін беруде.
«Қабылдау комиссиясының салтанатты ашылуы 5 маусымда өтті, осы сәттен бастап университет талапкерлерге өз есігін айқара ашты. Қабылдау комиссиясы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр – әрбір талапкерге уақтылы кеңес беру, құжаттарын қабылдау және біздің университетте оқуға сенімді қадам жасауға жағдай жасалуда.
20 маусым мен 7 шілде аралығында шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтары бойынша құжаттар қабылданды. Қазіргі уақытта 8–15 шілде аралығында бекітілген кестеге сәйкес өткізілетін шығармашылық емтихандар аяқталу сатысында.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың маңызды жаңалықтарының бірі – шекті балл деңгейінің көтерілуі. Білім беру бағдарламасына байланысты ең төменгі шекті балл – 95, ал ең жоғарғысы – 125 баллды құрайды.
Бүгін, 13 шілдеден бастап, мемлекеттік білім грантын алуға құжаттар қабылдау басталды. Оған талапкерлерден 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрған комиссиясының шешімімен белгілі болады. Нәтижелер 10 тамыздан кейін республикалық мерзімді басылым беттері мен сайттарда жарияланады. Грант нәтижесі талапкердің мамандық таңдағандағы өтініште көрсетілген таңдауы бойынша реттеледі, - деп атап өтті ЕҰУ Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева.
Жауапты хатшының тағы бір айтқаны, конкурс аясында: профильдік пәндер комбинациясына қарай 4 білім беру бағдарламаларының тобына дейін таңдауға болады; Таңдалған бағдарламалар тобы жүзеге асырылатын 4 университетке дейін көрсетуге болады.
Өтінішті Қазақстан Республикасының кез келген жоғары оқу орны арқылы беруге болады. Қазір ЕҰУ-да грант конкурсына құжат қабылдау үшін 80-ге жуық техникалық хатшылар мен қызметкерлер жұмыс істеуде.
Айерке Сыздықова, техникалық хатшы: «Мен биыл үшінші жыл қатарынан Қабылдау комиссиясындамын, сонда аңғарғаным - көбіне таңдаған мамандықтарын сүйген талапкерлер оқуға түседі. Кейін студент атанғанда арнайы келіп, дер кезінде берілген кеңесімізге ризалықтарын білдіріп жатады. Бұл біз үшін үлкен абырой әрі зор мақтаныш. Талапкерлерге сәттілік тілеймін».
Ерасыл Әшірбек, техникалық хатшы: «Мен экономика факультетінің талапкерлері үшін құжат қабылдаймын. Айтайын дегенім, талапкер бірінші мамандығына түсе алмаса, келесі таңдаған мамандығы ескеріледі. Мемлекеттік білім беру гранты бойынша конкурстан өтпеген талапкерлер келісімшарт, яғни, ақылы негізде білім ала алады. Ол үшін шекті балл қатаң ескеріліп, білім беру қызметін көрсету туралы екіжақты келісімшарт жасалады. Онда көрсетілгендей, студент оқу ақысын уақытында төлеп тұруы тиіс және келесімшартта көрсетілген барлық талаптармен мұқият танысып, оларды орындауға міндетті».
Кәмила Қалиева, талапкер: «Мен Астана қаласындағы BINOM мектебін тәмәмдадым. Болашағымды математика саласымен байланыстырғым келеді. ҰБТ-дан 118 балл жинадым. Алғашқы болып құжат тапсырдым, талапкерлер үшін барлық жағдай жасалыпты. Мақсатым – ЕҰУ студенті атану».
Сәуле Жұматайқызы, ата-ана: «Мен Қызылорда облысынан немеремді алып келдім. Автобустан таңертең түсіп, қазір құжаттарын Ақпараттық технологиялар мамандығына тапсырды. Енді ауылға қайтып, нәтижесін газеттер мен сайттан күтеміз. Жинаған балы 120, үмітіміз бар. Қабылдау комиссиясының Кеңес беру орталығына, техникалық хатшыларға көп рахмет айтамын, жанашырлықпен жүгіріп жүр».
Барлық талапкерлерге сәттілік пен үлкен табыс тілейміз!
