
ЕҰУ-да түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының мұрасына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті
Ұлт руханиятының көрнекті тұлғасы, күллі түрік дүниесінің асыл перзенті, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ататүрік атындағы Түрік Тарих Құрымының толық мүшесі, марқұм Қаржаубай Сартқожаұлының қайтыс болғандығының бір жылдығына орай, оның аруағына тағзым мақсатында өзі қызмет еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үш бірдей кітаптың тұсаукесерін өткізу жоспарланып отыр.
Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы Моңғолияның Баян-өлгей өлкесінде дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірді. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды. 1975–1989 жж. Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жж. Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жж. Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография лабораториясының меңгерушісі, кейін Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды. Ол елімізде көне түркі ескерткіштерін ұзақ уақыт практикалық тұрғыдан зерттеп-зерделеген, әрі аталмыш ескерткіштердің лингвстикалық, эпиграфиялық, тарихи, этно-мәдени қырларын ашқан ғалым. Нәтижесінде, оның «Этнокультурный связь древнотюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков» (Астана, 2001), «Орхон мұралары» (2003), «Орхон ескерткіштерінің атласы» (М. Жолдасбековпен бірге, 2005), «Атлас Орхонских памятников. І том» (М. Жолдасбековпен бірге, 2007), «Көне түркі жазуының генезисі» (2007), «Орта ғасырлардағы Майхан-үленің жерасты кесенесі. Археологиялық барлау және зерттеу» (Л.Эрденболд, К.Жантегин, А.Очир қатарлылармен бірге. Ұланбатыр. Моңғол тілінде. 2013), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы», І, ІІ том (2019), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы». ІІІ том (Майда жазулар, Қ.Жантегінмен бірге. 2019), «Үйсін хандығы» (2016), «Керейлердің этникалық тарихы» (Ж.Ошанмен бірге, 2022) т.б. ғылыми кітаптары жарыққа шықты. 80-нен астам ғылыми мақалалары Москва, Улан-Батор, Пекин, Стамбул, Лондон, Париж, Алматы, Астана қалаларындағы ғылыми басылымдарда жарияланды.
Қаржаубай Сартқожаұлы шығармашылық өмірінде қоғамдық қызметтер атқара жүріп, жалпыкөпшілік және әдеби тақырыптарға да қалам тартқан қайраткер. Тұсауы кесілетін еңбектердің қатарында өмір мен өлім, сағыныш пен сыр, ғылым мен руханият үндесе тоғысқан іргелі туындылары бар.
Олардың бірі отбасы естелігіне құрылған, ананың асыл бейнесі мен ғалымның отбасылық өміріндегі адами болмысы терең сезіммен өрілген «Қош бол, апа» кітабы.
Екінші еңбек – Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми-шығармашылық келбетін, түрік дүниесіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғалымдар мен қаламгерлердің жүрекжарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылған «Тастан тамыр іздеген ғұлама» жинағы.
Үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты ғылыми монография. Байырғы түрік әлемінің жәдігерлерін зерттеуге арналған Қаржаубай Сартқожаұлы жетекшілік еткен халықаралық археологиялық экспедициялардың нәтижесі ретінде жарық көрген іргелі еңбек. Бұл еңбек арқылы Моңғолия даласында ашылған түрік дәуірінің жерасты мавзолейі туралы тың деректер ғылыми айналымға түсіп отыр.
