
«Қазақ тіл білімі» кафедрасының ғалымы Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу бойынша Германия ғалымдарымен тәжірибе алмасты

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: Академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» жобасын жүзеге асыру аясында жоба жетекшісі ф.ғ.к., доцент, «Қазақ тіл білімі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнәр Сәрсеке Германияның «Неміс тілінің Лейбниц-институтында» іссапарда болып қайтты.
«Неміс тілінің Лейбниц-институты» - 90-нан астам ғылыми зерттеу және қызмет көрсету институттарымен бірге Лейбниц Қауымдастығына кіретін, Германиядағы төрт ірі ғылыми зерттеу ұйымының бірі. Бұл Институт жоба шеңберінде тәжірибе алмасуға ғылыми жобаның мақсат-міндеттеріне сәйкес келгендіктен таңдалды. Институт құрамында үлкен көлемдегі цифрлық мәтіндер - корпустар негізінде тілді модельдеу әдістеріне зерттеулер жүргізумен айналысатын және цифрлық инфрақұрылымдарды ұсынатын Цифрлық лингвистика бөлімі бар. Бөлімде корпус құрумен айналысатын тәжірибелі корпус лингвистері мен компьютер лингвистері жұмыс жасайды.
Ғылыми іссапар барысында жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке осы бөлімнің Корпус лингвистикасы бағдарламасының жетекшісі ғылым докторы Марк Купицпен, ғылым докторлары Харальд Люнгенмен және Райнер Перкюнмен кездесті. Кездесу барысында Гүлнәр Сәрсеке ғылыми жобаны таныстырып, қазақ тілінің академиялық корпусын әзірлеу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Неміс ғалымдары өз тарапынан корпус құру тәжірибелерімен бөлісіп, неміс тілінің корпустарын құрудағы қол жеткізген жетістіктерін баяндады, сондай-ақ цифрлық платформаларымен таныстырды. Аптаның әр күнінде жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке ғылым докторы Харальд Люнгенмен корпус құру бойынша нақты жұмыстар жасап, кеңестер алды, өзара талқылаулар өткізді. Ғылым докторы Райнер Перкюн аталған бөлім қызметкерлері жасаған KorAP корпус іздеу және талдау платформасымен таныстырды. Ғылым докторы Марк Купиц Неміс тілінің академиялық корпусын құру тәжірибесімен таныстырды және корпус ресурстарына қол жеткізу мүмкіндіктерін ұсынды. Іссапардың соңғы күнінде Корпус лингвистикасы бағдарламасының жетекшісі ғылым докторы Марк Купицпен және ғылым докторы Харальд Люнгенмен болашақта ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша ынтымақтастық орнату жоспары талқыланды.
Ғылыми іссапар барысында жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсекеге компьютермен жабдықталған дербес жұмыс орны берілді және Институт кітапханасы мен ресурстарын пайдалануға мүмкіндік берілді.
«Неміс тілінің Лейбниц-институтына» және Корпус лингвистикасы бағдарламасының жетекшісі мен ғылыми қызметкерлер тобына ғылыми сапарды ұйымдастырғаны үшін және корпус құру ісі бойынша жинақталған құнды тәжірибе үшін алғысымызды білдіреміз.
