
ЕҰУ-дағы ММХҚИ Қазақстан филиалының қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады








Еуразия ұлттық университетінің базасында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ЕҰУ-дегі Қазақстандық филиалының қабылдау комиссиясы жұмысын бастады.
Қазақстандағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (ММХҚИ) филиалының алғашқы студенттері мен магистранттары үшін оқу процесі биылғы қыркүйек айында басталады.
«ММХҚИ-Астана» магистратура деңгейі бойынша екі бағдарлама ұсынылады: «7М04101 – Қаржы экономикасы және қаржы технологиялары» және «7М07101 – Көпжақты институттар және жаһандық технологиялық дамуды басқару».
Магистратура бағдарламаларының оқу мерзімі – 2 жыл. Әр бағытқа 20, жалпы 40 гранттық орын қарастырылған, ақылы негізде оқу да мүмкін. Магистратураға түсуге құжаттар тамыз айының аяғына дейін қабылданады.
Оқыту процесі Қазақстан Республикасының аумағында ММХҚИ оқытушыларының, сондай-ақ институттың әдістемесі мен стандарттары бойынша арнайы даярлықтан өткен қазақстандық оқытушылардың қатысуымен жүзеге асырылады.
Бакалавриат бағдарламалары аясында студенттер екі семестр бойы Ресейдегі ММХҚИ кампустарында білім алса, ал магистратура студенттері үшін 2 айлық ресейлік модульден өту қарастырылған. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге Ресей Федерациясының мемлекеттік үлгідегі дипломы беріледі, ол Ресей аумағында ММХҚИ дипломымен тең дәрежеде танылады.
Алғашқы кезеңде «ММХҚИ-Астана» Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кампусында орналасады. Болашақта оқу жеке ғимаратқа көшіріледі.
Сөйтіп, алғашқы құжат қабылдау күні магистратураға түсуге келген үміткерлермен институт және филиал өкілдері әңгімелесу өткізді. Талапкерлердің жоғары дайындық деңгейі мен нақты таңдау жасаулары ММХҚИ-ға лайықтылардың қабылданатынына сенім ұялатады.
