
ЕҰУ-да 354 орындық жаңа студенттік жатақхана жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 354 орынға арналған заманауи жаңа студенттік жатақхана жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі. Пушкин көшесі, 13А мекенжайында орналасқан жатақхана жаңа оқу жылында алғашқы студенттерді қабылдайды.
Жаңа студенттер үйі «Bastau Partners.kz» ЖШС жеке инвесторының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды. Жалпы аумағы 4421 шаршы метрді құрайтын бес қабатты ғимаратта әрқайсысы үш адамға арналған 118 бөлме бар. Жатақхана толықтай жиһазбен, тұрмыстық техникамен және интернетпен жабдықталып, барлық қабаттарда бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар, коворкинг-аймақтар, оқу залы, санитарлық бөлмелер, кір жуатын орындар мен асүйлер қарастырылған.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков жаңа жатақхана құрылысы студенттерді қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті:
«Біз ЕҰУ студенттерін жатақхана орындарымен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шештік. Бұл мемлекет, жеке инвесторлар және Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі мен «Қаржы орталығы» АҚ-пен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде мүмкін болды. Әр студент сапалы білім алып қана қоймай, лайықты жағдайларда тұруы қажет», – деді ректор.
«Bastau Partners.kz» ЖШС директоры Жасұлан Маненовтың айтуынша, компания елдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып жатқанына қуанышты:
«Бүгінгі студенттер – ертеңгі көшбасшылар. Біз олар үшін заманауи, ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасағанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы біз Жұмабаев көшесінде 358 орындық жатақхананы пайдалануға берген едік. Жаңа нысан – осы сәтті тәжірибенің жалғасы», – деді ол.
Жаңа жатақхананы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ректоры Ерлан Сыдықов, Астана қаласы әкімдігі және «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері, елорда мәслихатының депутаттары және т.б. аралап көріп, Президент тапсырмасының ойдағыдай орындалып жатқанын атап өтті.
Жаңа жатақханаға қоныстануға өтініш қабылдау басталды. Өтініштер Platonus электрондық жүйесі (https://edu.enu.kz) арқылы ЕҰУ Қабылдау комиссиясымен бірлесіп қабылданады.
Биыл ЕҰУ студенттік үйлеріндегі жалпы орын саны 8500-ге дейін артты, бұл студенттердің тұрғын үйге деген сұранысын толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
2025–2026 оқу жылына арналған қоныстану кестесі:
1 курс: 25–27 тамыз;
2–5 курстар: 25–31 тамыз;
Әлеуметтік осал санаттағы студенттер: 28–29 тамыз.
Жазғы кезеңде барлық жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2025–2026 оқу жылында ЕҰУ студенттік үйлерінде тұру құны жылына 200 000 – 400 000 теңге аралығында болады. Бұл баға нарықтық жағдайлар мен пайдалану шығындарының өсуіне байланысты белгіленді.
Сонымен қатар, құжат тапсыру кезеңінде талапкерлер мен ата-аналарға арналған уақытша тұру орны ретінде университетте Ахуал орталығы жұмыс істейді. Орталық тәулік бойы (24/7) қызмет көрсетеді және 1–3 күнге уақытша баспана ұсынады.
ЕҰУ әлеуметтік жауапкершілік саясатын жүзеге асыруды жалғастырып, студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартып, оқу, даму және қарым-қатынас үшін заманауи кеңістіктер құруда.
Анықтама үшін байланыс:
ЕҰУ Студенттік үйлер дирекциясы
Тел.: +7 (7172) 70 95 68, +7 708 425 17 00
Мекенжайы: Астана қ., М. Жұмабаев көшесі, 14
Веб-сайт: https://enu.kz
