
ЕҰУ-да әлемнің түкпір түкпірінен келген кітапхана саласының мамандары инклюзивті цифрлық сауаттылықты дамыту мәселелерін талқылады













2025 жылғы 18–22 тамыз аралығында Астанада өтетін IFLA WLIC-тің 89-шы халықаралық кітапханалық және ақпараттық конгресі аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Баршаға арналған инклюзивті цифрлық сауаттылық: ортақ болашақ үшін қауымдастықтарды біріктіру» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны IFLA-ның ақпараттық сауаттылық секциясы ұйымдастырды және ол цифрлық білім мен инклюзияны ілгерілетуге бағытталған. Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен келген кітапхана саласының кәсіби мамандары қатысуда.
Мақсаты - инклюзивті цифрлық сауаттылықты дамыту арқылы қауымдастықтарды біріктіру, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды кітапхана қызметіне тиімді енгізу.
Жиынға 114 елден келген халықаралық сарапшылар мен Қазақстанның ЖОО кітапханаларынан 60-қа жуық жауапты маман қатысты. Атап айтқанда:
Золтан Шандор Ковач (Венгрия) – цифрлық қауіпсіздік және көпшілік кітапханалар саласының сарапшысы;
д-р Низа Сингх (Үндістан) – қауымдастықтарды цифрлық сауаттылық арқылы дамыту бойынша зерттеуші;
Наоми Мваурах (Кения) – инклюзивті цифрлық сауаттылық құрылымын әзірлеу жөніндегі маманы;
д-р Шэрон Янг (АҚШ) – цифрлық сауаттылықты оқыту әдістемесі бойынша профессор;
д-р Лейли Сейфи (Иран) – ауылдық аймақтардағы фермерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру жобаларының жетекшісі.
Конференцияны ЕҰУ Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев ашып, Қазақстан ЖОО кітапхана қауымдастығының президенті Гүлжан Иржанова және IFLA-ның Ақпараттық сауаттылық секциясының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
«Білімді біріктіріп, болашақты қалыптырамыз» атты жаһандық бұл жиын 18 тамызда Астананың ЭКСПО Конгресс-холында басталып, 22 тамызда қорытындыланады. Оған әлемнің 114 елінен 1 мың 600-ден астам делегат қатысады. Қазақ жеріне әлемдік кітапханашылар қауымын IFLA президенті, Квисленд (Аустралия) кітапханасының бас директоры Вики Макдональд бастап келеді. Ал бүгін Астанадағы алты жоғары оқу орнында дәл осындай шара өтуде, соның бір тобы біздің ЕҰУ-ды таңдады. Халықаралық деңгейдегі шараның Еуразия ұлттық университетінде өтуі өте маңызды қадам. Бұл сала мамандарының кәсіби деңгейін жетілдіріп қана қоймай, ақпараттық қызмет сапасын арттырады. Күтілетін нәтижелерге келсек, әлемнің түкпір-түкпірінен және Орталық Азия елдерінен келген кәсіби мамандардың бас қосуы және тәжірибе алмасу, презентациялар мен воркшоптар арқылы кәсіби даму мүмкіндігі, сонымен қатар университетімізді және кітапхананы таныстыру»,- деп атап өтті ЕҰУ Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев.
«IFLA - кітапхана ісіндегі кәсіби мамандардың ең ірі жаһандық ұйымы. Ол 1927 жылы Шотландияның Эдинбург қаласында құрылған.Қазір бұл мәдени ұйымның шатаб-пәтері Нидерландтың Кароль кітапханасында (Гаага) орналасқан.Халықаралық ұйым түрлі еледрдегі кітапхана ісінің озық тәжіриесін жинақтап, талдап, қызмет көрсету мен ақпарат алмасу ісін ұйымдастырып отырады»,- деді инклюзивті цифрлық сауаттылық құрылымын әзірлеу жөніндегі маман Наоми Мваурах (Кения).
Жиын барысында конференцияға қатысушылар ЕҰУ кітапханасына экскурсия жасап, «Жазу тарихы», «Білім» және «Гумилев» музейлерін аралады.
