
ЕҰУ-да Лу Бань шеберханасы ашылады
ЕҰУ-да 2025 жылдың қыркүйегінде Лу Бань шеберханасы ашылады. ҚХР делегациясы ЕҰУ-да шеберхананың жай-күйімен танысты.
Тяньцзинь кәсіптік институты директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Мэн Чжэн бастаған делегаттарды ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен проректорлар қарсы алды.
Лу Бань шеберханасы Еуразия ұлттық университетінде Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып салынуда. Бұл туралы Қытайда өткен «Дүниежүзілік кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту» конференциясында екі оқу орнының ректорлары келіскен.
Лу Бань шеберханасы – қазақстандық және қытайлық кәсіпорындардың ынтымақтастығына, кәсіптік білім беруде тәжірибе алмасуға, техникалық таланттарды дамытуға, қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы. Шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылатын болады.
ЕҰУ Цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова университет оқытушылары Қытайға «Лу Бань шеберханасы» халықаралық жобасы аясында оқуға барғанын айтты. Білім мен тәжірибе оқу және ғылыми үдерістерге озық тәжірибелерді енгізуге, университеттер әріптестігін нығайтуға және кәсіби жетістіктерге жетуге пайдалы екенін жеткізді.
Проректордың айтуынша, Қытайдағы оқыту бағдарламасы бір айға созылған және бұл білім мен тәжірибе Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да құрылатын «Лу Бань шеберханасы» аясында заманауи тәсілдерді енгізудің негізі болмақ.
Кездесуде жобаның мақсаты мен міндеттері түсіндіріліп, оқу бағдарламасының жасанды интеллект саласындағы зертханаларды іске қосу және заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу үшін маңыздылығы атап өтілді.
Ерлан Сыдықов оқытушылардың «Лу Бань шеберханасы» жобасына қатысуы - университеттің цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамы екенін және IT білім беру сапасын арттыруға септігін тигізетінін айтты.
«Лу Бань шеберханасының ЕҰУ базасында ашылуы - екі ел арасындағы достықтың нышаны деп айтуға болады. Бұл тікелей Мемлекет басшысының бақылауында іске асырылған жоба», -деді ректор.
Лу Бань шеберханасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылмақ.
