
ЕҰУ: Жатақханамен қамтамасыз ету толық шешілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында университет студенттері үшін 354 орындық жаңа жатақхана қолданысқа берілді. Пушкин көшесі, 13А мекенжайында орналасқан заманауи ғимарат мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында «Bastau Partners.kz» ЖШС инвестициясы есебінен салынған.
Жалпы ауданы 4421 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты жатақханада 118 бөлме бар. Үш студентке арналған әр бөлмеде барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, оқу мен шығармашылық іс-шараларды өткізуге арналған коворкинг бөлмелері қарастырылған.
Жатақхана салу ісі инвесторлар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және университет арасындағы ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылған-ды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жеке инвесторларды тарту арқылы студенттерге арналған жатақхана құрылысын жүргізудің жаңа механизмдері енгізілген болатын. Соның нәтижесінде ЕҰУ-де жатақхана мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Өткен жылы пайдалануға берілген 2656 орындық үш жатақхана да заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Олар кітапхана, спорт аймақтары, коворкинг орталықтарымен жабдықталған. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін де кедергісіз орта жасалған.
Қазіргі уақытта университеттің қарамағында 11 студенттер үйі бар. Сонымен қатар, алты жеке меншік жатақханамен ынтымақтастық орнатылған. Биылғы оқу жылына жалпы орын саны 8500-ге дейін ұлғайып, студенттердің жатақханаға деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.
Жатақханаға өтініш беру «Platonus» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүзеге асуда. Бұл рәсім ашықтықты қамтамасыз етіп, студент пен қабылдаушы тарап арасындағы тікелей байланысты болдырмайды.
Сонымен қатар, университет жанынан талапкерлер мен олардың ата-аналарына арналған Ахуал орталығы ашылды. Ол құжат тапсыру кезеңінде уақытша баспанаға мұқтаж азаматтарды 1–3 күн аралығында қабылдайды.
