
ЕҰУ-да ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлтттық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Қазақстандағы және Орталық Азияның басқа елдеріндегі азаматтық процесс пен төреліктің даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан Жоғарғы соттарының судьялары, Орталық Азияның барлық елдерінің төрешілері, Парламентаризм институты, Қазақстан заңгерлер одағы, Адвокаттар қауымдастығы, Қазақстан мен алыс-жақын шетелдердің, соның ішінде Германия, Италия, Ресей, Тайвань мемлекеттерінің ғалымдары, сарапшылары, заң кеңесшілері және ЕҰУ, М.Нәрікбаев университетінің оқытушы-профессорлары қатысты.
Екі күнге жоспарланған конференцияны ЕҰУ, Парламентаризм институты, Шығыс Еуропа елдерінің құқық институты, Заңнама және құқықтық ақпарат институты және Астана қаласының төрелігі ұйымдастырды.
Жиынды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Төлегенқызы ашып, конференцияның маңызына тоқталды және жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады. Осыған орайлас тілекте ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қайрат Тастекеев және Ғалиасқар Сарыбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Конференцияда Қазақстанда және Орталық Азияда азаматтық іс жүргізу құқығын және төрелікті жетілдіру мәселелерін талқылау жоспарлануда. Ғылыми жиын Орталық Азия елдерінің, басқа аймақтардың зерттеушілері мен практиктерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейте түсетініне сенімдімін», - деді проректор Ләзат Төлегенқызы.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев еліміздің Ата Заңы жаңа Қазақстан жетістіктерінің берік кепіліне айналғанын атап өтті.
«Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қалыптастырдық. Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық. Бүгінгі жиында азаматтық іс жүргізу және төрелікті жетілдіруге байланысты тың пайымдар қозағалады деген сенімдемін»,- деді Сенатор.
Конференция барысында көршілес елдерден арнайы келген құрметті меймандар сөз сөйлеп, қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
